«Абу Бәкір Сыддық» медресесі

«Абу Бәкір Сыддық медресесі» орта кәсіптік білім беру деңгейіндегі «исламтанушы» мамандығы бойынша оқытатын діни оқу орны. Ол ҚР Әділет министрлігінің №1273-1945-01-М-е  нөмірімен тіркеліп,   ҚР Білім және ғылым министрлігінен №0142686 нөмірлі мемлекеттік лицензиясын алған.

Медресенің оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан бекітіліп, қазіргі таңда жүйелі түрде жұмыс жасап келеді. Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай. Оқу түрі күндізгі. Медресе қабырғасында еліміздің түрлі аймақтарынан келген 45 шәкірт білім алуда. Оның ішінде  19-ы І - курста, 18-і ІІ - курста және 8-і ІІІ - курста білім алуда. Оқу жоспарына сай шәкірттер дәріс тыңдап, практикалық, зертхана сабақтарға қатысып, өзіндік жұмыстармен айналысады. Оқу жылының соңында курстық жұмыстар, сынақ, емтихан тапсырады. Аталмыш оқу орнында діни біліммен қатар қазіргі заман талабына сай, мемлекеттік білім стандартында көрсетілген пәндерден де білім беріледі. Медресенің оқу ғимараты мен жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілген. Оқу ордасына қажетті барлық жиһаз, соңғы техникалық құралдармен, компьютерлік сыныптарымен қамтамасыз етілген, кітап қоры бай кітапханасы да бар. Болашақта медреседе маман дайындау деңгейіне, білім бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнына, білім беру үрдісіндегі кадрлық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етудегі талаптар күшейе бермек. Өйткені, алдағы уақытта үлгерімі жоғары түлектерге өз білімдерін Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінде тегін жалғастыруына мүмкіндік берілген. 2013-2014 оқу жылында медресені 8 шәкірт бітіріп шығады.