«Ақтөбе» медресесі

2008 жылы қазан айында Ақтөбедегі «Нұр-Ғасыр» мешітінің жанынан облыстағы тұңғыш рет ресми түрде «Ақтөбе медресесі» ашылды. Медресе қызметінің басты мақсаты —  ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсібін шыңдауға бағытталған діни білім беру. Мұнда дін қызметкерлерін, соның ішінде теологтар мен дінтанушыларды даярлаудың оқу бағдарламасын іске асыру арқылы ислам және иман негіздері оқытылады.

Шәкірттердің жан-жақты білім, тәлім-тәрбие алуы үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Олар жылы да, жайлы жатақханаларда тұрады. Жатақхана бөлмелерінің барлығында шәкірттерге қажетті — жуыну бөлмесі, дәрет алу орындары, киімдерін жуу, өтектеу т.б орындар қарастырылған. Асхана заман талабына сай жабдықталған. Ол жерде шәкірттерге үш мезгіл тамақ беріледі

Оқу бөлмелері жаңа заман талабына сай білім алуға қажетті компьютерлермен, интерактивті тақтамен жабдықталған. Қазір компьютерлерді ғаламтор жүйесіне қостыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Артық ғылым — кітапта» екені хақиқат.  Шәкәрімнің: «Ғылымсыз адам айуан, Не қылсаң да ғылым біл. Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса ғылым тұл» — деген сыр сөздерінде хақты танудың қыр-сырын ашып, рухани кемелдіктің бастауы — ғылым-білім екендігін айтады.

Жаңа 2009-2010 оқу жылынан бастап жүйелі түрде жұмыс жасай бастаған медресе кітапханасы да байып келеді, оқулықтармен, қажетті  әдебиеттермен үнемі толығып тұрады. Мысалы, Мысыр Араб мемлекетінен Ислам дінінің барлық саласына қажетті ғылыми оқулықтар үнемі әкелінеді.  

2010-2011 оқу жылында жергілікті кәсіпкер азаматтар қайырымдылық қолын созып, мұсылман бауырларға үлкен сый жасады. Олар Ақтөбе облысының  Алға ауданына  қарасты Бестамақ елді-мекенінде орналасқан екі қабатты ғимаратты қайта жөндеуден өткізіп, оқу орнын қажетті бұйымдармен қамтамасыз етіп, медресеміздің оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін барлық жағдайды толық жасап, осы ғимаратты ҚМДБ-ның қарауына толықтай беріп отыр.

Медресе оқу бағдарламасында отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктерін, қазақ халқының, елімізде тұрып жатқан басқа да халықтардың тарихын, ұлттық дәстүрді үйрету, оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану, жұмыс орны бойынша оқытудың және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге өзінің білімге негізделген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін үздіксіз дамыту, білім алушылардың кәсіптік біліктілігін қамтамасыз ету, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамуын қамтамасыз ету бағыттарын іске асыру міндеттерін қояды.

2013-2014 оқу жылында Ақтөбе медресесін 10 шәкірт бітіріп шығады.