Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті

Қазақстандағы жоғары білімді имамдар, исламтанушылар дайындайтын бірегей оқу орны.

Сондай-ақ ол заман талабына лайық дінтанушылар, араб тілі мен әдебиетінің оқытушыларын, аудармашылар, аймақтанушылар да даярлайды. Оқу орнын салу 1993 жылы Қазақстан Республикасының  Президенті  Н.Назарбаевтың Египетке сапары кезінде – екі мемлекет президенттерінің кездесуінде келісілген. Ол үшін Алматыдан 6 гектар жер бөлінді. 1993 жылы 16 маусымда Н.Назарбаев пен Египет Араб Республикасы Уақыфтар министрі Мұхаммед әл-Махжубтың университет қалашығының ірге тасын қалау рәсімі өтті. Екі ел басшыларының қолдауымен дүниеге келгендіктен оқу орны Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті деп аталды. Әйтсе де бірінші кезеңі біткенімен есігіне құлып салынып, біраз жыл тұрып қалды.

2000 жылы Қазақстан мұсылмандарының III құрылтайы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шейх Әбсаттар қажы Дербісәліні қабылдады. Қабылдауда ол республикамызда дін мамандарын дайындау қажеттігін алға тарта отырып,  университет құрылысының 1 кезеңі біткенін, соған байланысты Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ҚМДБ-ға беруге көмектесу туралы өтінішін жеткізді. Президент өтінішті түсіністікпен қабылдап, Мысырға арнаулы үкімет делегациясын жіберді. Келіссөз нәтижесінде Мысыр елі университетті діни басқармаға беруге және университет құрылысының 2 кезеңін де салуға келісім берді.

Сөйтіп «Нұр» Қазақ-Египет ислам университеті — Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай ашылды. Келісім ҚР Парламентінде ратификацияланып, 2003 жылдың 2 шілдесінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың №460-11 ҚРЗ өкімімен бекітілген соң Заңды күшіне енді.

Келісімді Египет Араб Республикасының алдынғы президенті Мұхаммед Хұсни Мүбарак та 2003 жылы өзінің №215 бұйрығымен бекітті.

Оқу орнына ҚР Білім және ғылым министрлігінің лицензиясы берілген. Мемлекеттік аттестаттаудан өткен.

Университет Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан. Онда зәулім мешіт,  мәжіліс залы, дәрісханалар, компьютер, лингофон кабинеттері, бай кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Қалашықта келешекте бірнеше оқу корпустары, жатақханалар, спорт кешенін салу жоспарлануда. Білім ордасында республикамыздың белгілі профессор-оқытушыларымен қатар, Египеттің де көрнекті ғалымдары, білікті  исламтанушы, араб филологиясының мамандары дәріс береді.

Екі мемлекеттің үкіметаралық келісіміне сәйкес құрылған Қамқоршылар алқасы шешімімен университет жарғысы бекітіліп, 2001 жылдың 1 қыркүйегінен сабақты бастау туралы шешім қабылданды.

Оқу орны ҚР-ның заңдары, екі ел үкіметтерінің университетке байланысты келісімі және өз жарғысы негізінде жұмыс істейді.    
Оған жалпы басшылық ету мен қызметін үйлестіретін Қамқоршылар кеңесінің құзіретіне қаржы мәселесін шешу, мәдени, білім беру жүйесі саясатын қалыптастыру кіреді.