Мысыр: Байырғы Каир қаласы қазақ баласының көзімен (САПАРНАМА ФОТОРЕПОРТАЖ)

Біздің Каирға баруымыз қызықпен басталды. Олай дейтінім, Мысыр еліне баруымыз белгілі болғаннан бастап маған хабарласушылар көбейе бастады. Яғни бір жапырақ қағаз немесе 1 кг ет, ауылдың құрт-ірімшігін ала кетуімді өтінгендер табылды. Содан не керек Қонысбек есімді әріптесім болған, «Әл-Әзһар» университетінің иғдәдиін (3 жылдық дайындық курстарын) бір жылда, «сәнәуиін» (3 жылдық курстан тұратын колледж) бір жылда (Қазақстандағы «Нұр-Мубарак» университеті мен медреселерді өте жақсы оқығандарға арналған жеңілдікпен) оқып жатқан жігітке 5 келі ауылдың етін алып жолға шықтым. Бірақ кедендік полиция қызметкері етті алып өтуім үшін арнайы анықтамалық құжат көрсетуім керектігін айтты. Ал мен шет елге алғаш шығуым болғандықтан, етті жасырмақшы болып айтпауымның, әрі оны компьютерден көріп-біліп отырғанының өзі бір естен кетпес қызық жағдай болды. Бірақ, «Қалауын тапса қар жанады» демекші, ол жігіттерге шет елде оқудың оңай еместігін, оқып жатқан студенттердің бірде аш, бірде тоқ жүргенін, елінен келген сарықтыққа аңсарлары ауып тұрарын, елді сағынатынын, әрі болашақ мамандарымыз екенін және де оларға көмек беріп тұрсақ, елге келгенде адал қызмет ететінін айтқанымда, мені қинамастан жібере салды. Осылайша алғашқы ұшаққа отыруым басталды... Қырандай көкке самғаған қанатты тұлпар менің санамды сан-саққа жіберді, қиялыммен әлемді аралап кеттім. Жерге қарасам үлкен-үлкен ғимараттар нүкте тәрізді, ал даңғылдар қылдай болмай қалды. География пәнінен сабақ берген Шынар апайымыз бізді алдаған екен ғой деп, біраз күліп алдым. Себебі «глобус-картада өзен-көл мен мемлекет атауларының жазуы бар, бірақ ақиқатында жоқ екен»...

... Бізді Рашид пен Қонысбек күтіп алды. Жалпы Мысыр елінде 300-ге жуық қазақтар бар екен. Шет елде жүргендер өте бауырмал, қонақжай болады екен.  Себебі,  аз адам бір-бірінің қадірін жақсы түсінетіні табиғи жағдай ғой.

 

Барлығымыз бірге «Қызыл теңізге» шомылдық, ол кезде қараша айының соңғы күндері болатын, Қазақстанда -30*С суық болатын. Ол жақта + 25*С шамасында еді.

Жаңадан үйленген жас отбасыларды шақырып, ақ дастархан жайылды. Египеттегі ҚР елшілігі тарапынан 1-желтоқсан Тұңғыш президент күніне орай 10 команда арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып,


16-желтоқсанда «Мариот» деп аталатын үлкен мейрамханада тәуелсіздіктің 25-жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл тойға Мысырдағы әлем елдерінің елшілері және Қазақстандағы «Нұр-Мұбарак» университетінде сабақ берген профессорлар келіп қатысты:

Осы тойдан менің қатты әсерленгенім «Әл-Әзһар» университетінің доктор атағын алған, атақты қазақтан шыққан ғалым Насрулла әт-Таразидің баласы Мубарак көкемен танысу нәсіп болды.

http://www.idmedina.ru/books/history_culture/?6154

https://kk.wikipedia.org/wiki/Насрулла_Мүбашширхан_ат-Тараз

Бір өкініштісі, ол кісі арап өлкесінде дүниеге келгендіктен қазақша өте аз біледі, бірақ жүрегі «елім» деп соғады екен. Бұдан біз «ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «ат айналып қазығын табады, ер айналып туған елін табады» деген мақалды жақсырақ аңғарамыз. Әр біріміз туған елімнен не алдым деп емес, не бердім деп ойлауымыз керек.

Субтропиктік жемістердің (банан, мандарин, анар тб) көптігі, әрі арзан болуы бізді қуандырды. Мәселен мөлтек аудандарда 50-60 теңгеден алатын мандарин, апелсиндерді қала сыртындағы базарда 30-35 теңгеге алуға болады. Әрбір арнайы орындарда жеміс шырынын дайындап беріп отырады. Әрі табиғи, әрі арзан денсаулыққа пайдалы шарбаттай бал татыған сусын жәннат өзенінің дәмін береді дерсің. Осы көрген жеміс жасау технологиясын ауылға келегенде іске асырдым, яғни базардан 6 мың теңгеге Sunmile есімді жеміс езетін, блендер сатып алып, оған 300 грамм сүт және 2 дана банан аршып саласыз да 10-15 секунд араластырсаңыз нағыз бал татыған сусын пайда болады. Бұл «Мәуз бил-ләбән», яғни сүтпен араласқан банан деп аталатын сусын.  

Елге қайтарда кітап қорымызды толықтыру мақсатымен 37 арапша кітап сатып алдым: фиқһ, фиқһ методикасы, хадис методикасы, бәләғат, тәпсір, тарих, хадис, хадис әдістемесі, сөздік тб. Ғумдатуль-Қари сияқты үлкен-үлкен еңбектермен таныстық. Бір ерекшелігі жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен діни кітаптар келіп, бір айға созылған жәрмеңке басталады. Ол жерден неше түрлі әдебиеттерді табуға мүмкіндік бар. Ханафи мәзһабының 8 томдық Һидая, 30 томдық әл-Мәбсут тб кітаптардан көз сүрінеді, 4 томдық Тахауидің «Мағани Әсәр» атты кітабынан ханафи мәзһабындағы кез келген мәселенің дәлелін хадистермен келтірген кітабын алғанымда қуанышымда шек жоқ болды. 

Тарихи жерлерді араладық: Имам Шәфиғи және ұстазы Уақиғ, Ибн Хажар әл-Әсқаланидің мазарын зиярат еттік,

«Әлемнің жеті кереметінің бірі» саналатын Пирамидаларға Әл-Әзһар университетінің кезекті саяхат жоспарымен барып қайттық.

Мешіттерінің көптігінен намаз уақыты кіргенде азан даусынан қала іші жаңғырып кетеді, әрі кез-келген жерде намаз оқитын үлкенді-кішілі мешіттер өте көптігінен намазды қаза қылуға себеп жоқ. Әр мешітте таң атқаннан кеш батқанша дәрістер үзілмейді.

Үлкен ғұламалардың ұлағатты сөздерін оқып, үйрендік.

Мысырлық қарилардың Құран оқу мәнері құлақтың құрышын қандырады. Құранды тәжуидімен майын тамызып оқығанда айызың қанып, ұйып тұрып тыңдайсың. Және де Қазақстандық қари балалармен таныстық...

«Нілдің суын ішкен адам міндетті түрде қайта оралады» деген мысырлықтардың мәтелдері бар екен, қайтадан барсақ деген мақсатпен ніл өзенінен су іштік...

Біздің оқу орнымыздағы жатақханамыз жаңадан ашылған ғимарат болғандықтан 3 мезгіл тамақ, жылы жер т.б. жанға жайлы орында екі ай қиналмай өмір сүрдік.

Ол да болса, Алланың қалауымен Египет пен Қазақстан мемлекеттерінің арасындағы тығыз байланыстың бекем болғанының, Елбасымыздың стратегиясының, ҚМДБ бағытының дұрыс келе жатқанының айқын белгісі деп түсінеміз. ҚР Мысырдағы елшілігі бізге қолдау білдіріп, жанашырлық танытып отырғанын атап айтқым келеді. Себебі жат жерде жүргенде сенің тірегің, жанашырың тек қандастарың мен арқа сүйер еліңнің болғанына сансыз шүкір етуің керек. Және де шет елге кететін жастар, әсіресе, діни білім алуға барамын деушілер ҚМДБ жолдамасымен әрі қолдауымен барғаны дұрыс деп есептеймін...

P.S. көкейімде бір өкінішті жағдай қалып кетті... Қазақтан шыққан Сұлтан Бейбарыс бабамыздың мешітін көру, тағы басқа тарихи жерлерді көріп үлгермей оқу уақыты аяқталып қалды. Бірақ алдағы уақыттарда Пайғамбарлар өмір сүрген, тарихи ежелгі мәдениет қалыптасқан (папирусқа жазу т.б. ғылым пайда болған), туристер ағылып келіп-кетіп тұратын, 1000 жылдан аса уақыт ғылымның қайнаған ортасы, қарилар көптеп шығып жатқан, ғұламалар мекенін қайта көру нәсіп болар ме екен...

Болашақтағы мақсатым: шетелде оқуға лайықты болған шәкірттерді дайындап, олардың материалдық қажеттілігіне қолдан келгенінше көмек беріп, оларға жеткілікті дәрежеде арабша т.б. діни мағлұматтар алуына жағдай жасау әрі болашақ мамандарды дайындауға, еліміздің дамып-өркендеуіне атсалысу.

Ілияс Отаров

Алматы-Каир-Алматы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу