Ақтөбе: Рамазан айы қарсанындағы сауапты іс (ФОТО)

Олардың жүздеріне күлкі үйіріп, бір сәтте балаша бақытты ету – оңай. Себебі бақытты он екі мүшесі сау басқа адамдарға қарағанда бөлектеу түсінетін олар үшін қара жерде өз аяғымен нық тұрудың өзі - үлкен бақыт. Олар - жан сарайы дархан жандар, мүмкіндіктері шектеулі болса да, мүсіркеуге қажет емес, шүкіршіліктері шектеусіз жандар.

Қаладағы мұндай жандардың басын қосып, бір сәт көңілдерін сергіткен  жастар оларды кеше "Береке" ойын-сауық орталығына алып барды. Облыстың өкіл имамы Төлеби Оспанның тікелей қолдауымен жүзеге асқан шараны ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің облыстағы өкілі Асылхан Темірханов ұйымдастырған болатын. Ол қаланың "Жүректен жүрекке" атты еріктілер тобының жастарын жұмылдырып, жол бастады.

Жастардың ізгі ілтипатына алаңда арбамен болса да, алаңсыз ойнаған мүмкіндігі шектеулі жандар жүздеріндегі риясыз күлкілерімен шексіз ризашылықтарын жеткізді. Қос дөңгелекті арбамен жылдам жүгірмесе де, ынталы көңілдерімен кәрзенкеге дәл тигізе доп салып ойнап, таза ауада бір көңіл көтеріп қалды. Олардың әрқайсысына бір-бірден бекітілген ерікті жастар да арбаның артынан демеп, еріп отырды.

Бұл күні бұлшық ет пен буынды ғана емес, ойды да ширатқан ойын болды. Жастар өзара жаңылтпаштар айтып жарысып, жұмбақтар жасырды. Күн астында күндерін көңілді өткізіп, ойынға мауқылары қанғаннан кейін бәрі бір дастархан басында ас ішіп, әл жинады. Жастар өкілі Асылхан Нұртайұлы иман байлығы, шын бақыттың мәні туралы әңгіме өрбітіп, ізгілердің сөзінен мысалдар келтірді. Оларға риза болып, алғыстарын жеткізген мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы әзірленген автобусқа мініп, үйді-үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

 

Ақтөбе облыстық орталық

"Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу