Қытайдағы қазақ студенттері Ақтөбеде өнер көрсетті (ФОТО)

Жуырда қаладағы «Жастар сарайының» сахнасында Қытай халық Республикасындағы Іле педагогикалық университетінен келген қазақ студенттері өнер көрсетті. Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспанның қолдауымен, «Ұлт мұрасы – ұрпақ жүрегінде» деген тақырыпта өткен рухани кешті ҚМДБ-ның жастар ісі бөлімінің облыстағы өкілдігі және «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы бірлесе ұйымдастырған болатын.

Қарттар үйіндегі қариялар бұл кештің қадірлі қонағы болды. Қазыналы қарттарды күтіп алып, сый-құрмет көрсеткен жастар оларға ұлттық сусындар ұсынып, қымыз, шұбат, наурыз көжеден дәм татырды.

Ақтөбелік көрермендерге бар өнерлерін паш еткен ұлтжанды, өнерсүйер жастар қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін орындап, көрермендердің құлағының құрышын қандырды. Сондай-ақ, әр түрлі салт-дәстүр, жоралғыларды көрініспен көрсетіп, көрермендерді әртістік қабілеттерімен де тәнті етті. Соның ішінде, қыз ұзату, беташар дәстүрлері сахналанып, жастарға арнап жар-жар орындалды. Жастар өзара сөз жарыстырып, ақынның сөйлеудегі ұтқырлығы мен тапқырлығын танытатын айтыс өнерін де көрсетті. Әсіресе, қарттарды ерекше сүйсіндіріп, көпшіліктің көзайымына айналған жастардың өнері сонау он тоғызыншы ғасырға сапар шектіріп, сахнадағы әрбір көріністен қазақылықтың иісі шыққандай болды.

Кештен ерекше рухани ләззат алып, көңілді қайтқан қарттар да, көрермендер де жастарға алғысын білдірді. Сонау Қытайдан келген қазақ студенттерінің өнерлерінің өрге жүзуін тілеп, баталарын берді. ҚМДБ жастар ісі бөлімінің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Асылхан Темірханов аталмыш кешке атсалысып, жастарға қолдау білдіргені үшін «Жастар сарайының» директоры Орал Ноғайбайұлына алғыс білдіріп, облыстың өкіл имамы Төлеби Оспанның атынан Алғыс хат табыс етті.

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің

баспасөз қызметі 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу