Көрісу күні – қуанышпен бөлісу күні (ФОТО)

14 наурыз күні еліміздің барлық батыс өңірлері  көрісу күнін атап өтті. Қыстан аман шыққан көшпелі халықтың көне үрдісі ретінде қалыптасқан бұл күнде жасы кішілер үлкендерді зиярат етіп, адамдар өткен күнгі өкпе-реніштерінің бәрін ұмытады.

Ағайын-туыс амандық, саулықпен қайта қауышқандықтарына Аллаға шүкір айтып, бір-бірімен төс қағыстыра көрісіп, жақсы тілектер тілейді. «Араларыңда сәлемді жайыңдар» деген ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өсиетімен ұштасқан бұл күнді бүгінде исламға қайшы санайтындар да кездеседі. Әйткенмен, туған-туыстың арасындағы сүйіспеншілікті нығайтып, сыйластықты арттыратын, ізгілікке үндейтін мерекенің еш әбестігі жоқ.

Кеше «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде көрісу күнінің құрметіне дастархан жайылып, Ақтөбе облыстық өкілдіктің қолдауымен, ҚМДБ-ның облыстағы әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Діңгегі дінмен өрілген салт-дәстүрім» тақырыбында шара өтті. Қарт әжелер мен қажы апалар, мүмкіндігі шектеулі жандар кештің қадірлі қонағы болды. 

Шара басында өкіл имам Төлеби Оспан қасиетті Құран аяттарын оқып, кеш қонақтарына рухани ләззат сыйлады. Көрісу күнінің дінге қайшы амал немесе күнә еместігін тілге тиек етіп, бұл күнді  жаңару мен жақсылықтың басы ретінде атап өтудің түпкі мақсатын түсіндіріп, сөз сөйледі. Соның ішінде, кішісі қариясының көңілін сұрап, үлкеніне құрмет білдіруі, осылайша туыстық қатынасты жаңғыртып, өзара сыйлық таратып, сүйіспеншілікті  арттыруы – дінде де құпталатын игі амал екендігін айтты. Сөз соңында өкіл имам Төлеби Оспан барлығын айтулы күнмен құттықтап, әжелерге оюлы ақ орамалдар, қонақтарға кәдесыйлықтар тарту етті. Мешіттің ұстаздары Кенжегүл Қошқарова мен Диляром Бектаева кеш меймандарының көңілін көтеріп, сергіту ойындарын ойнады. Апа-әжелермен бірге қазақтың дәстүрлі әндерін шырқап, олардың жүздеріне шат күлкі үйіртті. Мешіттің асхана қызметкерлері әзірлеген дәм толы дастарханынан ас ішіп, сый мен құрметке бөленген кеш қонақтары, сондай-ақ, «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» ҚБ-ның  атқарушы директоры Гүлмирам Сражова кеш ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, көңілі қам жандарға көңіл бөліп, құрмет көрсеткендіктері үшін алғыстарын айтты.

Шара соңында мүмкіндігі шектеулі 20 жанұяға мешіттің жанындағы «Сен де үлес қос!» қайырымдылық акциясының аясында азық-түлік салынған әлеуметтік пакеттер таратылды. 

 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу