Қазақстанның діни интерактивті картасы

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысы — Қазақстан Республикасының солтүстік-батысындағы әкімшілік-аумақтық бөлік. Шығысында Ақтөбе, оңтүстігінде Атырау облыстарымен, батысында Ресейдің Астрахан, Волгоград, солтүстік-батысында Саратов, Самара, солтүстігінде Орынбор облыстарымен шектеседі.

Облыс 1932 ж. 10 наурызда Орал облысы болып құрылған. 1996 жылдан Батыс Қазақстан облысы болып аталады. Жерінің аумағы 151,3 мың км², тұрғындары 617,6 мың адам (1999). Әкімшілік жағынан Батыс Қазақстан облысы 12 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік ауданға, олар 4 кенттік және 155 ауылдық әкімшілік округтерге бөлінген.

Орталығы — Орал қаласы. Облыстағы 539 елді мекеннің тұрғындары біркелкі орналаспаған. Халықтың орташа тығыздығы 1 км²-ге 4,0 адамнан келеді (1999). Солтүстік аудандарда және Жайық өзенінің аңғарында халық жиі қоныстанған (1 км²-ге 9 — 12 адам). Қала халқы бүкіл халықтың 41%-ке жуығын құрайды. Қалалары: Орал, Ақсай; ірі кенттері: Бөрілі, Дерқұл, Зашаған, Круглоозерное, Чапаев.