Тағам құрамындағы қоспалардың үкімі

Тағам құрамындағы қоспалардың үкімі

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы  Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қазіргі таңда көптеген азық-түліктің немесе дәрі-дәрмектің құрамында шариғи үкімі нәжіс немесе харам болған нәрселердің қосылғанын мәлімет қағазынан байқауға болады. Ендеше, мұндай тағамдарды қолдануға бола ма?

Жалпы шариғатымызда «истихәлә» және «истиһләк» ұғымы бар. Фиқһ ғалымдарының термині бойынша: «Истихәлә» (бір заттан екінші бір затқа айналу) деп – нәжістің немесе харам етілген нәрселердің болмысы  басқа бір затқа айналып, атауы, қасиеті, сипаты өзгеруін атайды. Бұны ғылыми терминде химиялық реакциялар (заттардың өзара әрекеттесуі нәтижесінде олардың химиялық құрамы мен құрылысы өзгеріп, басқа заттарға айналуы) деп аталады. Мысалы, «хамрдың» (шарап) сірке суына өзгеруімен, нәжіс нәрсе жанып күлге айналуымен де жүзеге асады. Алайда, химиялық реакция кезінде заттың кішкене бір бөлігі ғана өзгерсе, онда ол «истихәлә» болып саналмайды. Яғни «нәжіс» нәжіс күйінде қалса, қолдануға болмайды.

Ал «истиһләк» – бір зат екінші бір затпен араласып, сипаты мен қасиеті жойылып кетуі деген сөз[1].

Ғалымдар шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, қасиеті мен құрылымын жоғалтса, таза болады деген. Әйгілі имам Нұруддин Әли ибн Сұлтан имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты шархында: «Нәжістің күлі немесе т.б (нәжістердің үкімі) таза болып табылады. Яғни, тұзды жерде өліп, тұзға айналған есектің үкімін алады... Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап, сірке суына айналса, үкімі таза саналады. Осылайша біз қандай да бір зат негізінің басқа бір затқа айналуынан әуелгі қасиеті мен сипатын жоғалтатындығын білеміз. Өйткені оның табиғаты және көрінісі өзгеріске ұшырады»[2], – деген.  

Алайда, әрбір нәрсенің негізіне қарап, үкім берілмейтінін де аңғаруымыз керек. Өйткені ішімдіктің негізі жүзім, т.б. нәрселерден жасалады. Кейін жүзім өзінің адал, таза күйінен мас етуші араққа айналады. Міне осы тұста шарапты «мұның негізі жүзім еді, ішсе болады» деп айтылмайды. Қайта жүзімнен мас қылушы затқа айналғандықтан харам болды деп айтамыз. Міне, осы ішімдікке айналған нәрсе уақыт өте өзгеріп, сірке суына айналса, «бұл сірке халал әрі таза» деген үкім шығарылады.

Осыған орай кейбір азық-түліктің немесе дәрі-дәрмектің құрамындағы нәжіс және харам нәрселер химиялық өзгеруінен кейін өзінің негізгі қасиеті мен құрылымын жоғалтып, басқа затқа айналса, онда нәжіс, харам деген үкім өз мәнін жоғалтады.

Үкім:

- Тағамның немесе дәрі-дәрмектің құрамындағы нәжіс немесе харам етілген нәрселердің химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналып кетсе немесе түбімен жойылып, қасиетінен, болмысынан айырылса қолдануға болады.

- Тағам немесе дәрі-дәрмектің құрамындағы нәжіс яки харам нәрселердің негізгі қасиеті жойылғандығы зертхана мамандарының нұсқаулығы негізінде анықталады.

  


[1] Ислами Фиқһ Академиясы, 22 отырыс, Кувеит қаласы, 2015 жылғы №210 (22/6) қарар.

[2] «Фәтху-Бәбил-Ғиная», 1 том, 267-бет.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу