Отанды сүю және ұлтжандылық туралы

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

 

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ  وَأَمَّا بَعْدُ..

Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.

Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Отанға деген ыстық сезім, ықылас – жалпы адамзаттық адамгершілік қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сипат.

Ислам діні адам бойында болатын ізгі қасиеттердің барлығын қолдайды. Адамдарды татулыққа, бірлікке, сүйіспеншілік сезімдерін қастерлеуге шақырады. Соның ішінде Отанға деген сүйіспеншіліктің алатын орны ерекше. Отан дегеніміз – адамның туған шаңырағы, ата-анасы, ағайындары, өскен ортасы, туған жері мен елі. Ал, Отанға деген ыстық сезім, ықылас жалпыадамзаттық қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сезім. Жалпы отаншылдық, патриотизм – асыл дініміздің ұстанымымен тығыз ұштасып жатқан ұғымдар.

Бұған қатысты Алла елшісінің (с.а.с.) өмірінен нақты дәлелдер келтіруге болады. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдина шаһарына қоныс аударып, сонда орнықса да, алғашқы туған қаласын әсте ұмытпаған. Муһажир сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِمَكَّةَ: «مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ وَالطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ.

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де тұрғындарың сенен шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген[1].

Әрбір адамның табиғаты туған жерімен тығыз байланысты. Сондықтан да оған туған жердің ауасы да, топырағы да дертке дәру.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَقُولُ فِي الرُّقْيَةِ: «بِاسْمِ اللهِ، تُرْبَةُ أَرْضِنَا، وَرِيقَةُ بَعْضِنَا، يُشْفَى سَقِيمُنَا بِإِذْنِ رَبِّنَا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ. 

Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) науқасқа дұға жасағанда: «Алланың атымен. Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы. Ауруымыз Раббымыз қалауымен жазылсын», – деп[2], саусағын сілекейімен ылғалдап, туған жердің топырағына тигізіп, науқастың ауырып тұрған жеріне басып, дұға жасаған. Ендеше туған жерге деген махаббат – Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті. Отанды сүю, қастерлеп, қадірлеу, керек болған жағдайда қызғыштай қорғау – әрбір иманды жанның міндеті.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.  

Алланың Елшісі (с.а.с.): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз бен Алла жолында елін күзеткен көз», – деген[3]. Бұл тұрғыда халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Елін, жерін қызғыштай қорғау, қоғам қауіпсіздігін сақтау – әрбір иманды ердің борышы. «Отанды сүю – иманнан» деген қанатты сөз де бар.

Кез келген мекен мен уақыт сол мекен мен кезеңде жасалған істерге байланысты маңыздылыққа ие болады. Сондықтан ата-бабаларымыз ислам дінін сонау ерте ғасырларда қабылдап, ислам мәдениетіне өзіндік үлестерін қосқан мұсылман қазақ елі мен жері, осы жерде өмір сүрген азаматтар үшін қасиетті де қастерлі болмақ. Шекарасы белгілі, сыртқы жаудан қорғалған, дүние-мүлік, жан, ар-намыс пен ар-ождан бостандығы қамтамасыз етілген ел мұсылманның отаны саналады. Мұндай жерде тұрып жатқан мұсылман баласына сыртқы және ішкі шабуылдардан отанын қорғау парыз болып табылады. Ислам шариғаты бойынша мумин жан дінін, өмірін, ақылын, ар-намысы мен мал-мүлкін қорғауы тиіс. Бұл өз кезегінде мал-жаны қорғалған, еркін түрде өмір сүріп жатқан жері мен елін қорғау арқылы ғана жүзеге асады.

Біздің Отанымыз – Қазақстан, байырғы қазақ жері. Хақ Тағала  қазақтың маңдайына нәсіп еткен бұл кең байтақ атамекенді мұсылманшылықтан ешқашан айнымаған ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен, иманның нұрымен қорғады. Кейінгі ұрпаққа мұра етіп, аманат етіп қалдырды. Енді сол Отанды қорғау – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты баянды ету – бүгінгі ұрпақтың, мұсылман қазақ баласының азаматтық әрі діни міндеті.

Алла Тағала Отанымыздың тәуелсіздігін баянды етсін! Ел тыныштығы мен тұрақтылығы үшін еңбек етіп жүрген ерлердің ісіне береке берсін!

والله اعلم بالصدق و الصواب

ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі

 


[1] Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен.

[2] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

[3] Термези риуаят еткен.

Пікірлер (1)

    • kaira_albani@mail.ru
    • |
    • 03.07.2014

    Отанды суйу иманнан

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу