Халал туралы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

Аллаһқа мадақ болсын! Пайғамбарымызға салауат болсын!

Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып басшылық жасайтын шариғат шеңберін айқын көрсетіп берген дін. Шариғат заңнамасының негізгі қайнар көзі саналатын Қасиетті Құран кәрім мен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүннетінде нақты не жанама түрде ескерілмей, қалыс қалған ешбір сала жоқ.

Бұл екі негізде нақты аталмаған іс-әрекеттердің үкімі ижмағ (Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейінгі кез келген дәуірде оның үмметінен саналатын ірі мүжтаһид ғалымдардың белгілі бір діни үкім жайлы бірауыздан келісімге келуі) немесе қияс (Құран, сүннет және ижмағта үкімі белгіленбеген мәселелер жайлы осы қайнар көздердің бірінде айтылған ұқсас дәйектермен салыстыра отырып үкім шығару) бойынша анықталады.

Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне  қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым.

«Халал» термині қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «тыйым салынбаған», «мақұлданған» деген мағыналарды білдіреді. Сондай-ақ «халал» - «шариғат бойынша жасауға болады» деген нақты діни үкімнің атауы.

Халал шеңберінің аясы кең. Оның бір саласы мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты. Қасиетті  Құран кәрімде: «Ей,  иман келтіргендер!  Біз  ризықтандырған  (адал)  тағамдарды жеңдер. Аллаһ тағалаға шүкіршілік етіңдер. Оған ғана құлшылық етіңдер»,  («Бақара» сүресі, 172-аят) – делінген.

 «Халал» термині  ИЫҰ–на мүше елдердің арасында  тек мұсылмандарға   арналған  (адал)  тағамның белгісі ретінде қолданылады. Бұл ИЫҰ-ның  стандарттарында   арнайы бекітілген (Халал тағамдардың жалпы нормалары  IRIC MHS 0110   16 қазан, 2009 жыл).

 

Анықтама үшін:

Бүгінде   Ислам  Ынтымақтастығы  Ұйымына  1,5 миллиард халқы бар
57 мемлекет  мүше.  Қазақстан Республикасы 2011 жылы ИЫҰ-ның жарғысын ратификациялады.  

Халықаралық талаптарға  негізделген Малайзияның MS 1500:2004  стандарты   Қазақстан Республикасының  мемлекеттік еркін стандарттар тізіміне  енген. Ал,  оның қайнар көзі – қасиетті Құран кәрім.

 

Алимантариус кодексі  комиссиясының стандарттары – діни сипатқа ие өнім өндіру –  тек діни құзіретті мекеменің рұқсаты негізінде жүзеге асырылуын  қамтамасыз ететін  тауар шығару мен қызмет көрсетудің техникалық құжаттары.  Алимантариус кодексі  комиссиясы ұйымына Қазақстан Республикасы 2002 жылдан бастап мүше.  Аталмыш құжатта  халал терминіне  мынадай анықтама берілген: «Ислам заңдары (шариғат) бойынша (мұсылмандардың ішіп-жеуі үшін)  мақұлданған  тағам түрлері».

«Халал» термині адал тамақ өндірісін және мұсылмандардың мал сойған  кездегі діни рәсімін  де білдіреді.  Бұл Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы 2011 жылғы 11-қазандағы заңымен реттелуі тиіс. Сондай-ақ ел мұсылмандары халал өнімдерді тұтынып, өндіруде Қазақстан мұсылмандарды діни басқармасының пәтуәсын тікелей басшылыққа алып әрі оның бақылап, қадағалауымен жүзеге асыруы қажет.

 

Анығын Аллаһ жақсы біледі.

 

Шейх-ул-Ислам  Мұхаммед-Хусейн қажы Алсабеков,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

төрағасының орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуә бөлімі.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу