ҚАСИЕТТІ МӘДИНА ҚАЛАСЫ – ИСЛАМНЫҢ КҮМБЕЗІ

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Қазақстан мұсылмандары діни  

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Ислам дінінде Мәдина қаласының орны айрықша. Мәдина – қасиетті қос қаланың бірі. Пайғамбарлар атасы Ибраһим (ғ.с.) Мекке шаһарын берекелі етуді Алладан сұраған. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласын киелі еткен.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ибраһим Меккеге дұға еткендей, мен де Мәдина үшін дұға жасадым», – деген.

Мәдина қаласының көптеген атаулары бар: тұрақ, шындықтың кірер жері, Исламның күмбезі, анттар мекені, Алланың жері, Елшінің үйі, берік бақша, сүйікті, жақсылар мекені, құрма (иесі) қаласы, қалалардың ханшайымы, емдеуші, жақсылық, т.б...

Жаратушы Иеміз қасиетті қаланы берекелі, бейбіт етті. Онда барған мұсылманның жүрегі тыныштық табады. Иманы күшейіп, рухани толысады. Жамандық атаулыдан аулақ болады. Өйткені, пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Көрік темірді балқытып, жаманнан тазартқандай, Мәдина қаласы тұрғындарын жамандықтарынан тазартады», – деп баяндаған.

Мәдина – амандық пен тыныштықтың, ізгілік пен имандылықтың қаласы.  

Мәдина қаласының тағы бір қасиеті сол, онда пайғамбар мешіті орналасқан. Алланың үйінде бір мезетте бір миллионнан астам адам құлшылық ете алады. Ислам дінінде тек арнайы үш мешітке зиярат етіледі. Хадисте айтылғандай, олар – әл-Харам мешіті, Мәдинадағы Алла Елшісінің мешіті және әл-Ақса мешіті.

Мұсылман баласы осы аталған мешіттерді зиярат етіп, онда намаз оқып, дұға жасаса оның сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шәрифте баяндалғандай, Мәдина қаласындағы Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітінде оқылған намаздың сауабы басқа мешіттерде оқылған намаздың сауабына қарағанда мың есе артық.

Жуырда Елбасымыз Сауд Арабия Корольдігіне жасаған ресми сапарында Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етіп, мешітте намаз оқыды. Пайғамбар қабірін зиярат ету – сол мешіттің әдептерінің бірі.

Алла Тағала Елбасының халқымыздың бірлігі мен берекесін, елдің амандығы мен тыныштығын тілеп жасаған дұғасы қабыл болғай. Алланың әмірлері мен аяттары түскен киелі мекенде шынайы ниетпен жасалған әрбір дұға-тілек Жаратушы Иеміздің құзырында қабыл болмақ.     

Пайғамбар мешітінде қасиетті бақша бар. Оны рауда шарифа деп атайды. Ол мешіт мінбері мен пайғамбар үйінің арасында орналасқан. Айта кетерлігі, қасиетті бақшаны тікелей мағынасында түсінбеуіміз керек. Қасиетті бақша – мешіттің бір бөлігі ғана. Онда намаз оқыған адам мол сауапқа кенеледі.  

Бұл қасиетті бақша туралы Алла Елшісі: «Менің үйім мен мінберімнің арасы жәннат  бақшаларының бір бақшасы», – деп айтқан.   

Қажылыққа барған кісілер, Мәдинаға жолы түскен мұсылмандар пайғамбар мешіті мен оның қабірін зиярат етіп, Алла Елшісіне сәлем береді. Қасиетті қалаға табаны тиген пенденің иманы күшейе түседі. Өйткені, ол – пайғамбардың дұғасы қабыл болған қала.

Дініміздегі асыл амалдардың бірі – қонақжайлылық. Бұл – халқымыздың да болмысында әлі күнге дейін сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті игі іс. Исламнан қуат алған жұртымыз өзге ұлттарға қонақжайлылықтың үздік үлгісін паш етуде.

Мәдина тұрғындары да пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қонақжайлылықтың көркем үлгісін көрсетіп, адамзатқа өшпес өнеге қалдырды. Алла Елшісі сахабаларымен Мәдинаға қоныс аударып келгенде қала тұрғындары қолындағы барымен бөлісіп, қамқор бола білді. 

Пайғамбар Мәдина шаһарын, тұрғындарын, тіпті оның тауы мен тасына дейін жақсы көретін. Қала маңындағы Ухуд тауы туралы: «Бұл бізді жақсы көретін, біз де оны жақсы көретін тау», – деп айтқан хадисі бар.

Түйіндеп айтқанда, жақсылар мекені болған Мәдина – Исламның күмбезі...                  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу