ҒҰЛАМАНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

Биыл ғұлама ғалым, түркітанушы әрі дін қайраткері Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толып отыр.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ислам дінің жайылуына Халифа Алтай атамыздың еңбегі зор болды. Ең берісі сол жылдары діни кітаптармен қатар қасиетті Құран кәрімді қазақша мағынасымен түсіндірмесін мыңдаған дана шығарып елге тегін таратты.

Ғұлама ғалым, діни ағартушы ұстаз Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылдың 18 желтоқсанында Қытай Халық Республикасы Шығыс Түркістан аймағы Шіңгіл ауданының Жарынты өзенінің бойында дүниеге келген.

Әкесінен сауатын ашқан болашақ ғұламаның жастық шағымен жігіттік кезі қуғын сүргін, қиындыққа толы болды.  Халифа Алтай жасынан Араб, урду тілдерін үйренуі болашағына кең жол ашты деуге болады.

Халифа Алтай  Пәкістанның Пешавар қаласында қызмет еткен кезінде-ақ көшкен қазақтың басшысына айналып, сол жердегі «Шығыс түркістандық қазақ көшіп келушілері қоғамының» жауапты хатшысы болып көптеген шаралардың басы қасында болды. Сол қызметті атқара жүріп, ол 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырған қайраткер ретінде танылды. Халифа Алтайдың ұлттың мұратын ерте түсінген қайраткерлік жолы қазақтың қилы тағдырымен ұштасып жатыр.

Ғұлама өзі өмірінің көп бөлігін өткізген Түркия мемлекетіне, Ислам елдеріне, Араб әлеміне сыйлы болды.

Азаттықтың алғашқы жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен атамекені Қазақстанға көшіп келіп, ғибратты ғұмырының соңына дейін өзінің туған халқына имандылық ілімін септі.

Ғұламаның аудармасымен басылған «Құран-кәрімнің қазақшасы» әртүрлі әріп-жазулармен, әр елдегі баспалардан бір миллионнан астам данамен басылып, халықтың қолына тиді. Яғни, 1988 жылы «Құран-кәрімнің қазақша мағынасы мен түсініктемесі» төте араб жазуымен басылды.  Қытай елін мекендеген қазақтар үшін бұл аса үлкен рухани сый болды. Бұдан соң бұл аударма «Кәлем шариф» деген атпен кирилл әрпімен басылып, Қазақстанмен қатарлас бірқатар Орта Азия мемлекеттеріне тарады..

Халифа Алтай ғұламаның  «Ғибадатул ислам» атты еңбегі ел арасына кең тарады. Мұнда исламның бес парызы жан жақты түсіндіріледі. Халифа Алтай бұған жалғас «Құран әліппесі және имамның шарттары»  еңбегі 1989 және 1992 жылдары Ыстамбұлда, 1993 жылы Катарда қазақ тілінде басылып, елдің рухани сұранысын қанағаттандырды. Сонымен қатар бұл кітаптар кейінде қазақстан баспаларынан бірнеше мәрте басылды.

1993 жылы Монғолияда «Шариғат» деген атпен осы туындылар көп таралыммен жарық көрді. 1991 жылы Алматыдан  Халифа Алтайдың «Иманшарт» атты шығармасы жарық көріп, оқырманға ұсынылды. Халифа Алтай  ғұламаның аудармасымен «Ғылымхал»,  «Таңдаулы хадистер» қатарлы кітаптар Алматыда сан мыңдаған данамен басылып, халыққа тегін таратылды.

Халифа Алтай  ғұламаға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Және де «Түрік әлемінің ғұламасы» деген жоғарғы құрметті атаққа ие болған рухани ұстаз. Абыз қария 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті. Қазақстандағы Ислам дінінің жайылуына өлшеусіз еңбек сіңірген Халифа Алтай рухына құрмет ретінде республика бойынша сыйымдылығы жағынан үшінші орын алатын, Елбасының қолдауымен салынған Шығыс Қазақстан облыстық мешітіне және Алматы облысының Қырғауылды ауылындағы жаңа мешітке ғұламаның есімі берілді.

Биыл ғұламаның 100 жылдығы кең ауқыммен мерекеленеді деп жопарланып отыр. 

Тілейбек қажы Соянұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

Күршім ауданының бас имамы


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу