Шамшәдин Керім: ДІНИ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМ – ҚОС ҚАНАТЫМЫЗ

Ислам діні ғылым мен білімге ерекше мән берген дін. Құранның ең алғашқы бұйрығының «Оқы!» деп келуінің ерекше мәні бар. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз өтеді. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады. Сонымен қатар ілімге қол жеткізу жолында қажет саналатын «тәфәккур» -18, «ақыл» мен «тааққул» сөздеріне қатысты- 49 мәрте ауызға алынады . Сонымен қатар ғылымға қатысты «тәфаққуһ», «тәдәббур», «тәфәһһум», «шуур» секілді сөздер де көптеп ұшырасады. Алла Тағала:

يَرْفَعِ اللّٰهُ الَّذ۪ينَ آمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذ۪ينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ

«Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» («Мужәдилә» сүресі: 58/11) деу арқылы ілімнің артықшылығын атап өткен. Ал мына аят арқылы өз пайғамбарына білімін арттыру үшін дұға жасау қажет кененін үйреткен:

وَقُلْ رَبِّ زِدْن۪ي عِلْمًا

«Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» – деп айт («Таһа» сүресі: 20/114).

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذ۪ينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذ۪ينَ لَا يَعْلَمُونَ

«Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт» («Зумәр» сүресі: 39/9) деу арқылы Раббымыз ілім-білімнің артықшылығын көрсеткен.

«Ғаламға рақым ретінде жіберілген» адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) да өзінің көптеген хадистерінде ілім-білімнің артықшылығын атап көрсетіп, үмбетін қараңғылықтан құтылуға шақырған. Ол бір хадисінде:

«مَنْ يُرِدِ اللّٰهُ بِهِ خَيْرًا يُفَقِّهْهُ فِي الدّ۪ينِ»

«Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175). Ал мына хадисте ілімнің артықшылығы өте кең көлемде қамтылған:

 

«مَنْ سَلَكَ طَر۪يقًا يَبْتَغ۪ي فِيهِ عِلْمًا سَهَّلَ اللّٰهُ لَهُ طَر۪يقًا إِلَى الْجَنَّةِ، وَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ لَتَضَعُ أَجْنِحَتَهَا لِطَالِبِ الْعِلْمِ رِضًا بِمَا يَطْلُبُ، وَإِنَّ الْعَالِمَ لَيَسْتَغْفِرُ لَهُ مَنْ فِي السَّمٰوَاتِ وَمَنْ فِي الْأَرْضِ حَتّٰى الْح۪يتَانُ فِي الْمَاءِ، وَفَضْلُ الْعَالِمِ عَلَى الْعَابِدِ كَفَضْلِ الْقَمَرِ عَلٰى سَائِرِ الْكَوَاكِبِ، وَإِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ الْأَنْبِيَاءِ وَإِنَّ الْأنْبِيَاءَ لَمْ يُوَرِّثُوا د۪ينَارًا وَلَا دِرْهَمًا وَإِنَّمَا وَرَّثُوا الْعِلْمَ، فَمَنْ أَخَذَهُ أَخَذَ بِحَظٍّ وَافِرٍ»

 «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жіңілдетеді.Періштелерде де білім алушының  талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көресетеді. Сондай-ақ , жеті қабат  аспан  мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтарда да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында,  шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырады. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені» (Әбу Дәуд, ат-Термези, Ибн Маджа риуаят еткен, Ибн Хиббан Әбу Дардадан жеткізіп, сахих дәрежесін берген). Ал мына көпшілікке мәлім хадисте

"طلب العلم فريضة على كل مسلم ومسلمة"

«Білімді іздеу әрбір мұсылман еркек ке де әйелге де  парыз» деп білім іздеуді еркек әйел бәріне міндет еткен. Мына хадисінде «Ғылымның өшіп, надандықтың жайылуы қияметтің белгілерінен» (Муслим, Илм, 8) деу арқылы білімсіздіктің етек алуын қияметтің белгілерінен саналатынын көрсетіп, ескертіп кеткен.

Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ілім (ғылым) сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды. Ғылымдарды: діни және зайырлы ғылымдар деп екіге бөліп қарастыруымызға болады.

Шариғи ғылымдар арқылы біз Жаратушы Алла Тағаланы танимыз, ғибадатты дұрыс жасау жолдарын үйренеміз. Бұған дінді және шариғатты зерттеуге қатысты барлық ілім салалары жатады. Мысалы Құран ілімдері, сүннет және хадис ілімдері, ақида, фиқх және оның негіздері, ахлақ, шариғатқа, дінге қатысты ғылымдар. Сонымен қатар, бұл бөлімге осы ғылымдарды үйрену үшін қолданылатын қосымша араб тілі мен әдебиеті, тарих т.б. секілді ғылым салалары да кіреді.      Ал зайырлы ғылымдар дегеніміз адам өз өмірін жақсартуға, елін-жерін көркейтуге, қоршаған ортаны зерттеуге, ғаламды тануға арналған ғылымдарды жатқыза аламыз. Бұған медицина, геометрия, астрономия, химия, физика, география, биология, жер бетін және өсімдіктерді, жан-жануарларды зерттеуге арналған ғылым салалары жатады.

Құранда және сүннетте өте көп айтылатын «ілім» сөзі арқылы көп жағдайда, осы екі мағына бірдей көзделеді. Құран мен сүннетте ғұламаларға қаратыла айтылған мадақ адамдарға пайдасы тиген шариғи және зайырлы білім саласындағы ғалымдарға бірдей айтылған.

Өз кезегінде ғылымдардың барлығы шариғи мейлі және зайырлы болсын, парыз айн және парыз кифая болып бөлінеді. Парыз айнға – әрбір мұсылманға дініне қажетті маңызды істерді: Жаратушыны тану, харам мен халалдың аражігін ажырата білу, құлшылығын дұрыс орындауды үйреніп, білуі жатады.

Парыз кифая дегеніміз – егер бір адам оны орындаса,  басқасының мойнынан жауапкершіліктің түсуін білдіреді. Егер оны біреуі де орындамаса,  қоғамның барлығы бірдей күнәһар болады. Бұған мысалы ретінде жаназа намазын оқуды келтіре аламыз.

Сол секілді ғылымдарды үйрену де парыз айн және парыз кифая болып бөлінеді. Парыз айн ғылымдарды ақылы бар, балиғатқа жеткен әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйел үйренуі қажет. Егер үйренбесе сол үшін күна арқалайды.

Егер парыз кифая ілімдерді кейбір мұсылмандар жетік түрде меңгерсе, онда олар сауапқа кенеліп, басқа мұсылмандардың мойнынан жауапкершілік түседі. Егер де мұсылмандардың арасынан белгілі бір ғылым саласын меңгерген ғалымдар шықпаса, онда барлығы тегіс күнаға батады.

Ислам өркениеті орта ғасырларда ғылым-білім арқылы ғана дамуға қол жеткізді. Діни біліммен қатар басқа ғылымдар да өркениет пен мәдениеттің дамуына серпін берді. Ислам елдеріндегі мешіттердің жанында медреселер жұмыс жасады. Онда діни білімдермен қатар зайырлы ілімдерді үйрету қоса жүргізілді. Кейбір медреселер уақыт өтуімен университеттерге айналып отырды. Мұсылман басшылар өз елдерінде көптеген  орталықтарын ашты, ол жерде ғалымдар зерттеулер жүргізіп, ғылымды дамытып, білім ақпараттарымен алмасып отырды. Ерте кезеңде құрылған ең танымал ғылыми орталық – ІХ  ғасырдың 20 жылдары Халифа әл-Мәмун негізін қалаған Байтул хикма (Даналық үйі) орталығы. Алғашқы кезеңдері Бағдад, Каир, Дамаск, Бұхара, Ғазна, Самарқанд, Хорезм, Исфахан, Кордова қалаларында ілім-білім қарқынды дамыды. 859 жылы Фатима әл-Фихри ханшайым Фес (Морокко) қаласында алғашқы замануи үлгіде университет тұрғызды. Бұл университетте ерлермен бірге әйелдер де білім алуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ мұндағы бірнеше факультетте ғылымның әр түрлі діни, әдеби, жаратылыстану  салаларында пәндер оқытылды.

Астраномия – мұсылман ғалымдары ерекше қызығушылық танытқан ғылым салаларының бірі. Мұсылмандардың ірі қалаларының бәрінде дерлік обсерваториялар бой көтерді. 1259 жылы ат-Туси әлемдегі ең үлкен Мараға обсерваториясын салды. Мұсылман ғалымдар Шараф ад-Дин ат-Туси, Ибн аш-Шатыр ең алғаш рет жердің өз осінен айналатынын айтты. Мұсылмандар жұлдыздардың орнын және ара-қашықтығын есептейтін құрал астролябты жетілдірді. Әл-Беруни Жердің Күнді айналатындығын дәлелдеді. Оның зерттеулері үнділік Нандана қаласында жүргізілді. Ол жер бетінің ауданын есептеп шықты. Оның есептеу тәсілі Еуропада Беруни әдісі деген атпен танымал.

Ортағасырлық ғалым әл-Ферғани Күннің бетіндегі дақтарды ашты. Оның астрономиядағы жазған кітаптары Еуропада 700 жыл бойы оқулық ретінде қолданылды.

Орта ғасырлық әлемге әйгілі мұсылман ғалымы, математик және астроном әл-Бәттанидің (858-929) жылды есептеу тәсілі қазіргі дәл есептеулермен сай келеді.

Ибн Байтар (1190-1248) өзінің кітабында 1400-ге жуық дәрілік өсімдіктер мен шөптердің сипаттарын жасаған. Оның еңбектері осы саланың мамандары үшін жүгінілетін негізгі дереккөзге айналды.

Әл-Ферғани «Китаб әл-харакат ас-самауия уа джауами илм ан-нуджум» атты кітабында жер бетіндегі жеті климатты ерекше дәлдікпен сипаттаған.

Әл-Баттанидің бір еңбегінде 273 географиялық нысандардың координаталары келтірілген. Еңбектің алтыншы бөлімінде жалпы Жерге сипаттама жазсалып, оның ішінде Қара, Азов, Каспий теңіздеріне тоқталып өткен.

Парсылық ғалым ибн Сарафиюн (Сухраб) Х ғ. «Таңғажайып жеті климат жайлы кітап» (1929 жылы Вена қаласында басылып шықты) атты еңбегінде кесте арқылы қалалардың, теңіз, аралдар, таулар, өзен-көлдердің климаттық ерекшеліктерін, сонымен қоса, бойлық, ендіктерін анықтап жазған.

Танымал араб саяхатшысы Мұхаммед ибн Баттута Бұлғардан бастап Қытайдағы Тимбуктуға дейін барлық ислам әлемін шарлап шыққан. Оның жасаған саяхатының жол көлемі 120700 шақырымнан асып жығылады.

Ондық есептеу жүйесі, бөлшектер, тригонометриялық функциялар т.б. секілді үлкен жетістіктер  атақты математик әл-Хорезми атымен тығыз байланысты. Ол алғаш рет алгебрада «әл-Джабр уал муқабала» атты кітап жазды. Әлемдік ғылымда қолданыс тапқан «Алгебра» сөзі осыдан шығады.

Мұсылман ғалымдарының медицина саласына саласына қосқан үлесі тіптен ерекше. Ең алғаш ауруханалар, госпиталдар, медициналық институттар мұсылмандар тарапынан құрылды. Мұсылман дәрігерлері жүздеген жылдар бойы медицина саласында алдына қара салмаған. Тіпті медицина сөзінің өзі Ибн Синаның атына байланысты қойылған.  Ең алғашқы аурухана 707 жылы әл-Уәлид ибн Абдул Малик кезінде салынды. Ауруханаға кететін шығындар, ауруларды қамтасыз етуді мемлекет өз мойнына алды. Бұл – өте үлкен жетістік.

Ибн Сина (980-1037) батыста еуропалық дәстүр бойынша ол Авиценна деген атпен мәлім. Ибн Сина артына ауқымды мұра  қалдырып кетті: ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ге жуық еңбек жазған, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жеткен. Ол еңбектер поэзия мен философиядан бастап, геология және астрономияға, жалпылай алғанда білімнің барлық саласына арналған. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацефт ретінде ие болды.

Абулқасым аз-Захрауи (936-1013) – Орта ғасырдағы мұсылман әлемінің ұлы оташысы (хирургі). Жаңа өрлеу дәуіріне дейінгі Еуропа оташылық әдісінің негізін қалаушы. Осы кезде ол Орта Шығыс, Грекия және Римнің классикалық медицина жетістіктерін терең зерттеп, 30 бөлімнен тұратын жаңа ғылыми деңгейде жазылған “ат-Тасриф лиман ажаза ан ат-Талиф” (Әдіснама) атты іргелі еңбегін аяқтады. Онда көптеген жаңа мед. байқаулар жинақталған, оның ішінде бұрыннан белгілі гемофилия (қан тоқтамаушылық) сипаттамасына түзетулер енгізген. Кітаптың 200-ге тарта оташылық құралдардың суреттерімен жабдықталған соңғы бөлімі оташылық тақырыбына арналған бірегей зерттеу болып табылады. Араб халифаты  дәрігерлері мойындамағанымен оның “ ат-Тасриф” атты кітабы христиандық Еуропа ғылымына зор ықпал етті. ХІІ ғ-да латын тіліне  аударылған бұл еңбек 500 жыл Батыс Еуропады бірден-бір оташылық оқулығы ретінде пайдаланылды.

Камбур Уасим (1761ж. қ.б.) туберкулез жайлы білімді жүйеледі және осы аурудың инфекциялық сипатын анықтады.

Бакр ибн әл-Қасым (Х ғ.) көздегі шелді сорып алуға арналған іші қуыс ине жасап шықты.

Али ибн Иса (ХІ ғ.) «Тазкиро» атты еңбек жазды, ол 130 көз ауруының сипаттарын қамтыды. Бұл кітап жүздеген жылдар бойы ХІХ ғасырдың ортасына дейін ең танымал еңбек болып қала берді.

Али ибн Аббас (994 ж. қ.б.) онкология бойынша хирургиялық ота жасады.

Ауыл шаруашылығында мұсылмандар суару жүйесін дамытуға ерекше үлес қосып, егіс алқабын тиімді ұйымдастыруға қол жеткізді. Бір жылда екі рет өнім алатын әдістерді ойлап тапты.

Еуропада Альхазен  атымен танымал араб физигі, математик әл-Хайсам – оптика ғылымының негізін салушы. Ол көздің құрылысын жүйелі түрде, ғылыми негізде жазып шықты. Сондай-ақ, камера-обсурка (қазіргі заманғы фотоаппараттардың бастамасы) бойынша тәжірибелер өткізді.

Осылайша мұсылмандар ғылымның барлық саласын жоғары деңгейде дамытып, өркениеттің дамуына барынша үлес қосты. Діни ғылымдар мен басқа ғылымдар үйлесімділік тапты. Білім-ғылымның арқасында мұсылман мемлекеттері әлемдегі ең күшті мемлекетке айналды.

Ал қазіргі таңда, өкінішке орай, мұсылмандардың шариғат ілімдеріне ғана көңіл бөліп, жаратылыстану ғылымдарын дамытуда кенже қалып жатқаны жасырын емес. Шариғат ілімдерін ғана оқып, әлемнің жаратылыс құпияларын ашатын жаратылыстану білімдеріне мән бермеу мұсылмандар үшін жат әрі өте қатерлі. Ислам дінінің көркейіп дамуы үшін шариғи білімдер қаншалықты қажет болса, жаратылыстану ғылымдарынсыз оны жүзеге асыру тіптен мүмкін емес. Неге десеңіз ол екеуін бір-бірінен бөліп-жаруға болмайды.

Бүгінгі таңда бұл екеуінің арасын бөліп тастау мұсылмандардың  адамзат дамуы көшінен артта қалуын әкеліп соқтыруда. Орта ғасырларда Ислам үмбеті осы жаратылыстану секілді ғылымдар дамыған уақыттарда әлемді мойындатты, әлемде ең күшті қуатқа айналды, атақ-даңқтың шегіне жетті. Ал осы жаратылыстану ғылымдары дұрыс жолға қойылмай, зерттелмей қалған кездерде, ислам үмбеті дамымай, артта қалды. Бұған тарихтың өзі куә.

Екі ғылым арасында алшақтық қалай пайда болды?

Бұл мәселенің негізінде түсінік жатыр. Бұл түсінікті қалыптастыруда ислам жауларының да үлесі бар. Бірақ, басты айып өзімізде. Ғасырлар бойы халық санасында «пайдалы ілім» деген түсінік қалыптасты. Өкінішке орай бұл пайдалы ілім тек шариғат ілімдерімен ғана шектеліп қалды. Осыдан кейін Алла Тағалаға құлшылық ету намаз, ораза, зекет, қажылық секілді тек ғибадат сипатындағы істерге мән беріліп, ал дүниені игеру, дамыту мәселесі мүлдем тасада қалып қойды.

Соңғы ғасырларда мұсылмандар жаратылыстану ғылымдарына ден қоймай немқұрайлы қарады. Тіпті оған мұрнын шүйіріп менсінбеушілікпен қарады. Сонымен қатар кейбір ғалымдарының ғылымды діни және дүниелік деп екіге бөліп қарастыруы осы қате түсініктің тереңдей түсуіне жол ашты. Соның салдарынан тафсир, ақида, фиқһ ілімдері ғана діни немесе ақыреттік ғылым саналып, медицина, химия, физика секілді ғылымдар дүниелік ілімдерге жатқызылып, мән берілмеді. Осының салдарынан діндар мұсылман жаратылыстану ғылымдарын үйрену барысында өзін ыңғайсыз сезіне бастады.

Әсілінде Алла Тағала шариғи ілімдерді Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтуінен бұрын толықтырып қойған-ды. Құранда бұл шындық:

« الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلاَمَ دِيناً »

«Міне, бүгін діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тамамдадым және сендер үшін дін ретінде Исламды таңдадым» («Мәйда» сүресі, 3) деп баяндалған. Адамзаттың асылынан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін ешкімге уахи келмейді. Сондықтан шариғат негіздері сол күйінде сақталады. Йә, ғұламалар ортаның, заманның, мекеннің өзгеруінен туындаған жаңа мәселелерге байланысты иджтиһад жасайды. Дегенмен, діннің негіздері Құран мен сүннетте сақталып қала береді.

Ал жаратылыстану ғылымдарының жағдайы тіпті басқаша. Олар әлі толықпаған және толықпайды да. Әр күн сайын жаңалықтар ашылып, жаңа нәрселер пайда бола бермек. Қай ғылым саласын алсақ та бүгін жаңалық дегеніңіз ертең ескіріп, кейбір ғалыми теориялардың қате тұстары ашылуда. Ғылым салалары ерекше қарқынмен дамуда.

Құрандағы мына аят ерекше назар аударарлық:

" سَنُرِيهِمْ آيَاتِنَا فِي الآفَاقِ وَفِي أَنفُسِهِمْ حَتَّى يَتَبَيَّنَ لَهُمْ أَنَّهُ الْحَقُّ أَوَلَمْ يَكْفِ بِرَبِّكَ أَنَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ شَهِيدٌ "

«Құранның ақиқат екені көкіректеріне жеткенге дейін Біз оларға жер-көктегі, тіпті өз бастарындағы белгілерді көрсете береміз» («Фуссилат» сүресі, 53-аят). Аяттағы етістік келер шақта қолданылған. Демек ғаламда болсын немесе адамның өз бойында болсын қиямет күніне дейін жаңа нәрселер ашыла береді деген сөз. Осы салада табанды зерттеулер жүргізу өте маңызды. Олай болмаған жағдайда керуен ұзап, оған ілесу оңай.

Зайырлы ілімдерге деген қажеттілік

Мұсылман ғалымдары көптеген заманауи шариғи, фиқхи мәселелерде халал немесе харам екендігіне қатысты дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, асторономия т.б. секілді ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді.

Мысал ретінде экономика, сауда саласын алсақ, фақиһ ғалым сауда, экономикадағы барлық қарым-қатынас түрлерін білмесе соған қатысты мәселе туындаған жағдайда қалайша дұрыс үкімдер шығармақ? Банкте, биржада орындалатын түрлі кіріс-шығыс айналымдары жайлы тек осы саланың мамандарының көзқарасына жүгіну арқылы ғана дұрыс көзқарас айта алады.

Қазіргі таңда ғылымдар салаланып кеткен, әр сала бөлімдерге бөлініп, әрқайсысының жеке мамандары, зерттеушілері, ғалымдары бар. Бір ғылымның өзін толық меңгеру мүмкін емес дәрежеге жетті. Сол себепті шариғи және зайырлы білім арасында үйлесімділік, үндестік қажет.

Медицина ілімі де солай, фақих ғалым бүгінде медицинаға қатысты пәтуа шығаруда мұсылман маман дәрігерге мұқтаж. Мысалы, ағзаларды ауыстыру, пластикалық оталар жасау, жасанды жолмен ұрықтандыру, харам заттар қосылған дәрі-дәрмектермен емделу секілді мәселелерді мұсылман медицина мамандарымен бірге зерделей отырып қана дұрыс діни үкім шығара алады.

Осыдан кейін, үмбетке пайда тигізетін, адам өмірін жақсартатын кез келген ғылым: экономика, медицина, сәулет т.б. салаларына қатысты зерттеулер егер ниет Алла Тағала разылы үшін болып, ықыласпен орындалса, онда ол да үлкен сауапқа жеткізетін ілім болып саналады.

Исламды дінім деп жүрген мұсылманның өз мамандығы бойынша  артта қалуы оның ислам дінін тарату жолындағы уағыз-насихатына кері әсерін тигізері сөзсіз. Мәселен, дінді жақсы ұстанатын бір студентті алсақ. Егер ол достарының арасында оқуында үздік болмаса, тіпті мамандығының өзін дұрыс игермесе қай замандасы оның өмірінен үлгі алып, дінін қабылдайды?

Сол себепті, әрбір адам, әрбір дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығының терең игеруі қажет.

Құранда:

" فَقَالُواْ عَلَى اللَّهِ تَوَكَّلْنَا رَبَّنَا لاَ تَجْعَلْنَا فِتْنَةً لِّلْقَوْمِ الظَّالِمِينَ"

«Уа, Раббымыз, бізді мына залымдардың зорлық-зомбылығына ұшыратып, ауыр сынаққа душар ете көрме!» («Юнус» сүресі, 85) деген ят бар. Ғұламалар осы аяттың тәпсірінде былай дейді: «Аллаға иман келтірмеген кәпірлерді мұсылмандардан жоғары етпе. Кәпірлер алданып «Егер мұсылмандар ақиқат жолда болса, біз олардан үстем келіп, олар бізден артта қалмас еді» деп ойлап қалуы мүмкін».

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарасақ, олар да түрлі кәсіп иелері болғандығын көреміз. Мәселен бірі саудагер, бірі егінші, енді бірі ұста болған. Олардан бұрын өткен пайғамбарлар да(а.с.) өздерінің негізгі міндеттері елшілік, дінді жеткізу міндеттерімен қоса, әрқайсысының жеке кәсібі, жұмысы болған. Адам (а.с.) – егінші, Дәуіт (а.с.) – темір ұстасы, Нұх (ғ.с.) – ағаш шебері, Ыдырыс (а.с.) – тігінші, Мұса (а.с.) шопан болды. Олар өз салаларының білікті, шебер мамандары ретінде жер бетіндегі мәдениеттің дамуына үлес қосты.

Өркениет дамуына үлес қосу, білім-ғылымды үйрену, дамыту, қоғамға пайдалы тірлік жасау, әркімнің өз саласында қоғамның дамуына мүмкіндігінше күш жұмсауы – Алла Тағаланың дінін көтеру, ислам туын биіктету болып есептеледі. Адам жер бетіне халифа етіп жіберілді. Сондықтан ол Раббысын танып, ғибадатын жасап, өзі өмір сүріп жатқан жер бетін игеруі керек.

Жер бетінде орынбасар болудың шарттарының бірі – өркениетті дамыту, пайдалы қазбаларды тауып, адамзат игілігі жолына пайдалану. Алла Тағала Адамды жаратып, дәрежесін көтеріп, періштелерді оған сәжде жасауға бұйыруының себебі оның біліміне байланысты еді. Адамзат білім арқылы періштелерден асып түсті. Ибн Аббас риуаятында келгендей, Алла Тағала Адамға барлық нәрсенің атауларын үйретті. Тау, теңіз, ағаш, жан-жануар, сондай-ақ, жер бетінде өмір сүруге қажетті ғылымдарды да үйретті. Ал періштелер бұл атауларды, ғылымдарды меңгермеді. Себебі олар жерге халифа етіп жіберілмегендіктен бұл ілімдер оларға қажет емес еді.

Егер Алла Тағала Адамға тек ғибадатты тар мағынада намаз, ораза, зекет, зікір, дұғалардан ғана тұрады деп үйретсе, онда періштелер сөзсіз Адамнан асып түсер еді. Ал адам баласы періштелер секілді, жерде халифа ретінде емес, көкте өмір сүріп, солардың жасағандарын жасаумен шектелуге болар еді.

Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Ол жер бетін игеруі қажет барлық ғылымды үйренді. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті. 


Шамшәдин Керім,

Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің проректоры

Пікірлер (1)

    • Рахымжан Сайранұлы
    • |
    • 19.05.2017

    Алла разы болсын,жақсы жазыпты

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу