Ермек Мұқатай: Абай мен Шәкәрім және Мәшһүр Жүсіптің діни танымы

Дәстүрлі діни дүниетанымыздың Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебіне негізделетінін Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және т.б. діни ағартушылардың шығармаларында айтылған діни ой-пікірлерге қарап бағамдап жүрміз. Расында да тарихи деректерді сөйлететін болсақ, орталық Азияда Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі мың жылдан бері өркен жайғанына көз жеткізе аламыз. Тіпті, осы кеңістікте соңғы мың жылдықта Ханафи мәзһабы мен Матуриди мектебімен тайталаса алатын бәсекелес те болмады деп кесіп айтуға болады. Оның басты себебі, Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары аталмыш мәзһаб пен сенімдік мектептің діни қағидалары мен ұстындарын берік ұстанған еді.

Қазақ ағартушыларының діни ұстанымдары дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебімен сабақтасатынына көптеген дәлелдер келтіруге болады. Ғасырлар бойы Орталық Азия мұсылмандары бір фиқһтық мәзһаб пен бір ақида мектебін ұстанғандықтан, басқаша болуы мүмкін емес еді. Әйтсе де, осы ой-тұжырымыз  нақтылана түсу үшін Хақ-Тағаланың заты мен сипаты (илаһият) және иман негіздеріне қатысты қазақ ағартушыларының шығармаларынан бірнеше мысал беруді жөн көріп отырмыз. 

Хакім Абай өзінің «Тасдиқ» атты ғақлиятында (философиялық толғауы) Хақтың заты мен сипаты хақында толғана келіп: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі – тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз» дейді.

Сагдуддин Тафтазанидің «Шарх Ақаид ән-Насафи» атты шығармасында әһлус-сунна сенімін құрайтын Әшғарилер мен Матуридилердің кәламдық көзқарастарындағы айырмашылықтардың бірі ретінде тәкуин сипаты негізге алынған. Әшғарилер тәкуинді (барлықты болдырту) бөлек сипат деп қабылдамайды. Оны құдірет сипатымен бірге деп қарастырады. Ал, Матуриди мектебінің өкілдері тәкуин сипатын бөлек сипат ретінде қарастырады (Шарх Ақаид ән-Насафи: 10 айырмашылық). Хакім Абай да «Тасдиқ» атты еңбегінде тәкуинді Матуриди ақидасына сай арнайы сипат ретінде көрсетеді. Бұл Хакім Абайдың Матуриди ақидасын ұстанғанын әйгілейді.

Хакім Абай «Тасдиқте»: «Белгілі, Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар» дейді. Әһлус-сунна сенім мектебінің бір қанатын құрайтын Әшғарилер «Аллланың іс-әрекетінде хикмет болмауы да мүмкін» десе, Матуриди мектебінің өкілдері: «Алланың әрбір ісінде хикмет болады» (Шарх Ақаид ән-Насафи: 17 айырмашылық) деп есептейді. Яғни, Хакім Абайдың: «Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады» деген діни ұстанымы, оның  Матуриди ақидасын ұстанғанын көрсетеді.

Хакім Абай илаһи өлеңдерінің бірінде:

Халиқ қылған, мекен берген Ол (Алла) лә мәкән.

Түп иесін көксемей бола ма екен,

Және оған қайтпақсың Оны ойламай,

Басқа ақыл көңілге тола ма екен

– деп жырлайды.

Хакім Абай бұл толғауында Алланы мекенсіз, Оның затын транцедентальді, ақылға салу мүмкін еместігін ескертеді. Ал, имам Матуриди Алланың барлық сипаттарын мойындай отырып, Аллаға зат (материя), уақыт, мекен тәрізді ұғымдарды телуге болмайтынын жоқ алға тартады. Тек, Құран-Кәрімде өтетін Алланың жүзі мен қолы бар деген аяттарға әһлус-сунна сеніміне қайшы емес негізде жорамал (тәуил) жасауға болатынын айтады (М.Ә. Захра. Саяси, итикади, фиқһи мәзһабтар тарихы. 188-196 бб).

Имам Ағзам Әбу Ханифа да өзінің өсиеттерінде: «Біз Аллаһ тағала мұқтажсыз түрде, мекен тұтпай аршыға истиуа етті деп сенеміз. Әрі ол аршының қорғаушысы, аршыдан бөлек, оған мұқтаж емес. Егер ол мұқтаж болғанда, құдды басқа жаратылғандар сияқты әлемді жоқтан бар етуге және оны жүргізіп отыруға шамасы жетпейтін еді. Сондай-ақ ол аршыға отыруға, орналасуға мұқтаж болғанда, аршыны жаратпай тұрып Аллаһ қайда еді? Аллаһ тағала мұндай кемшілік атаулыдан пәк» (әл-Уасия) дейді.

Демек, Хакім Абайдың Ұлы Жаратушыға мекен беріп жүрген базбір адасқан діни ағымдардың түсінігінен мүлде ада, керісінше оған қарсы Аллаға материя және уақыт пен мекенді телуге болмайды деген Ханафи һәм Матуриди ақидасын ұстанғанын  көріп біле аламыз.     

Хакім Абайдың ізін басқан шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты шығармасында:  «(1) Әуелі Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне нандым, (2) Періштелерінің барлығына нандым. (3) Пайғамбарларына, жіберген кітаптарының баршасына нандым. (4) Барша пайғамбарларына нандым. (5) Ахирет күні болмақтығына нандым. (6) Барша жақсылық, жамандық істер Алла Тағаланың тағдырысынсыз болмайтындығына нандым һәм (7) өлген соң тіріліп сұрау беретініне нандым» деп иманшартты 7 етіп көрсетеді (Құдайбердіұлы Ш. Мұсылмандық шарты. – Алматы: 1993).

Әшғари сенім мектебінде «өлген соң тірілуді» ахиретке күніне иман келтірумен бірге қарастырады. Осының нәтижесінде Әшғарилерде иманшарт 6 болып келеді. Ал, Матуриди ақидасында иманшарт Шәкәрім қажы көрсеткен 7 негізден тұрады. Бұл Шәкәрім қажының Матуриди ақидасында болғанын білдіреді.

Шәкәрім қажы иманның негізі жүректе деп біледі. Жаббар Хаққа иланбаған адамның иманы жоқ, барлықты жаратушысын еліктеумен (тақлиди) емес, тахқиқи (ақылмен орныққан берік) иманға жоғарыламаған адам күнәһар. Мұсылман істеген үлкен күнәсына байланысты имандылықтан шықпайды және күпірлікке душар болмайды. Ол осы өмірде шынайы мүмін ретінде қабылданады. Тек істеген күнәсына байланысты пасық деп есептеледі (Құдайбердіұлы Ш. Мұсылмандық шарты. – Алматы: 1993).

Базбір адасқан діни топтар иман мен амалды тұтас қарастырып, амалда әбестік жасағандарды кәпірге шығаруды теріс санамайды. Әшғари сенім мектебінің өкілдері иман мен амалды тұтас қарастырмағанмен, ізгі амалды иманды кемелдендіретін шарттар ретінде бағалайды. Ал, Ханафи және Матуриди сенімінде иман кәлима-шаһадат айту және оны жүрекке бекітуден тұрады. Шариғат бұйырған немесе тыйған амалды жасамаған адам кәпір саналмайды. Тек күнәһар деп есептілінеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул-акбар» атты шығармасында: «Иман – тілмен айту және жүрекпен бекіту. Аспан және жер тұрғындарының иманы иман келтірілетін нәрселер тұрғысынан артпайды және кемімейді» (әл-Фиқһул-акбар) дейді. Имам Матуриди: «Иман келтіргеннің дәлелі деп кәлима шаһадат айту және жүрекке бекіту» (Шарх Ақаид ән-Насафи: 24 айырмашылық) деп амалды иманнан бөлек қарастырады. Яғни, Шәкәрім қажының жүрекпен илануды иман келтіру деп санауы, оның Матуриди ақидасын ұстанғанын айпарадай анық көрсетеді.

Қазақтың ұлы ағартушысы һәм этнографы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Хақтың заты мен сипаты хақында толғаған шумақтарының бірінде:

 

                 Ол Алла жисм (дене) жауһар, ғариз (елес) емес,

                 Боларға басқа-басқа бөлектенбес.

                 Алланы еш нәрсеге ұқсатуға

                 Еш нәрсе Оған ұқсап, жөні келмес.

 

                  Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

                  Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

                  Иаусыма аусы – төрт жақтан пәк дүр Алла,

                  Муминнің Алла деген көңілінде емес.

 

                   Сипаты сегіз болған бірі – кәләм,

                   Сөйлейді құдіретімен Алла тағалам.

                   Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,

                   Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам.

 

                   Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ.

                   Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

                  Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

                   Кітаптың айтқанынан ойлама көп

– деп жырлайды.

Х ғасырда Нишапур өлкесінде Алланы жаратылысқа ұқсатып, Оның материядан тұратын денесі бар деп түсінетін мушаббиһа-мужассима ағымы тарих сахнасына шықты. Олар Құран-Кәрімде өтетін уажһ (жүз), иад (қолдары), жәнб (қапталы), мәшиат (келуі), итиан (кетуі), фәуһа (үстінде болуы) сипаттарының сыртқы мағыналарына мән беретін. Осы тәрізді хадистердің де сыртқы пішініне  назар аударды. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Адамды Рахман суретінде жараттты», «Мүміннің жүрегі, Рахманның екі саусағының арасында», «Адамды жаратқан балшықты қырық күн қолында домалақтап машықтанды», «Қолы мен алақанын иығыма қойды», «Саусақтарының салқындығын иығыммен сездім» деген хадистерін тікелей сыртқы мағыналары бойынша қабылдап, Алланы жаратылысқа ұқсататын.

Ал, әһлус-сунна сенімі саналатын Матуриди және Әшғари мектебінің кәлам негіздерінде Ұлы Жаратушыны жаратылысқа ұқсатуға немесе жаратылысты Жаббар Хаққа ұқсатуға жол жоқ. Ұлы Жаратушы – транцендентті, яғни, рационалды ойлауға сыймайтын құдіретті күш. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Оған тең келер күш жоқ» (Ықылас, 4) деп бұйырылған. Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фиқһул акбар» атты еңбегінде: «Ол өзі жаратқан мақұлықтарының ешбіріне ұқсамайды, әрі жаратқандарының ешқайсысы оған ұқсамайды» деп Хақ Тағаланың теңдессіз Құдірет  Иесі екенін айтқан болатын. Яғни, мушаббиһа-мужассима ақидасы – адасқан һәм күпірлікке әкелетін сенім болып саналады. 

Демек, жоғарыдағы Мәшһұр Жүсіптің өлеңіндегі: «Ол Алла жисм (дене) жауһар, ғариз (елес) емес», «Мекенін бір Алланың ешкім білмес», «Иаусыма аусы – төрт жақтан пәк дүр Алла», «Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам», «Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ, Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ» – деген көзқарастар, оның Матуриди ақидасын насиқат қылғанын көрсетеді.

Түйін: Алдыңғы буын – аға толқын ақиқат арнасынан ауытқымаған болса, кейінгі толқынға аға буын салған сара жолда жүру міндетті саналады. Егер, үлкендеріміз ақидада алжасқан болса, онда кіші буынға ақиқат сенімді іздеп табу парыз болар еді. Алайда, қазақтың Хакім Абай, Шәкәрім, Мәшһұр Жүсіп және т.б. алғадай ағартушылары фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада Матуриди мектебін ұстанып, әһлус-суннадан бір елі де ажырамаған-ды. Олай болса, бүгінгі Алаш баласына үлкендер салған сораппен жүруден басқа жол жоқ деген сөз.

 

Ермек Мұқатай,

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу