Нұрбек Есмағанбет: Рухани жаңғыру – болашақ кепілі

Еліміздің өткені мен ертеңі жайлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел болып оқыдық, айтқанына құлақ түрдік.  Бұл  көпшілікті күпті еткен,  алаңдатып келе жатқан әрі заман көшіне ілесу үшін аса қажетті дүниелердің шешімі айтылған ерекше құжат екені даусыз. Мақала атауындағы «рухани жаңғыру» тіркесінің өзі руханият саласында жүрген біздерге ұлт болашағы үшін үлкен жауапкершілікті сезінуге шақырып тұрғандай.

Шынында адам баласының  мінез-құлқы мен сана-сезімі  тез өзгеріске ұшырауда. Өйткені,  өмір сүру заңдылықтары жылдам жаңғырып,  бәсекелік  күшейген  кез.  Алайда халқымыз бұл өзгеріс жолында Елбасы айтқандай: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Сондықтан біздің ел өз ұлттық құндылықтары мен рухани байлығынан нәр алып, заман ағымына ілесіп қана қоймай, көш бастай алатындығына нық сенуі қажет.

Бұл жолда бізді алға жетелейтін факторлардың бірі – ел тұрғындарының басым бөлігінің ата дініміз Исламнан нәр алып, оны өмір сүру қағидасына айналдырып жібергендігінде.  Ал Ислам, ұлттардың  адамзатқа пайдасы бар қағидаларын дамытып, сол халықтың өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін,  Елбасы сөзімен айтқанда «таптаурын қағидаларды» түбегейлі жояды.

Себебі, Ислам дінінің таралуымен әлемде ғылым мен мәдениет ерекше қарқынмен ілгерілей бастады. Әсіресе көшпенділер мекендеген ұланғайыр даламызда  Тараз, Отырар сияқты қалалар  мен сәні мен салтанаты жарасқан айшықты кесенелер бой көтерді. Астрономия, математика, медицина  т.с.с. ғылымдарының өсіп-өркендеуіне де  мұсылман ғалымдары бірден-бір үлес қосты.

Ислам шариғатында «Кешегі күні мен бүгінгі күні ұқсап қалған адам – алданған адам» деген келелі қағида бар. Бұл дегенің кешегі жетістігіне қанағат ететін жанның ұтылатындығын  меңзейді.  Сондықтан  әрдайым даму үстінде болуымыз қажет.  Құран Кәрімде: «Егер бір істен босасаң келесісіне дереу кіріс» деген аят бар. Әрбір адам осындай  қағидаларды өмірлік ұстанымына айналдырса, көш бастарымыз анық. Атам қазақтың «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»,-деген аталы сөзі бар. Ілгерілеу  жолында басқалардан үйренеріміз де, жиренеріміз де көп. Өзім білемдікке салынып,  өзгелерді елемеуіміз ізгілікке жетелемейді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыстан алысырақ жүрген жөн. Сондай-ақ біреудің қаңсығын, өзімізге таңсық етуден сақ болған дұрыс.

Елбасы айтқандай «Ұлттық кодымызды»  өзгелерге  мойындатқымыз келсе, жасампаздыққа ұмтылуымыз тиіс.  Ал жиренер болсақ тек ұлттық-сана сезіміміз бен болашағымызға қауіп төндірер жаман әдеттерден  іргені аулақ салуға тиіспіз. Мысалы, бізден көш ілгері  дамыған елдер  бір жынысты некені  заңдастырып  жатса, оны қолдасақ біз кім болғандығымыз? Бұл болашағымызға балта шауып, келешек ұрпақты құрдымға жібергенмен бірдей емес пе? Сонымен қатар Елбасының «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзіне қайшы келер еді. Сондықтан ұлтымыздың болмысындағы туа біткен дара қасиеттерін әрі қарай жетілдіріп,  білім мен мәдениеттің тек озық үлгілерін ғана  ала отырып, рухани жаңғыруға бет алсақ,  болашағымыз жарқын болады деп сенемін.


Есмағанбет Нұрбек Ауесханұлы,

Алматы қаласының Бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу