Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: ТЕКТІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕЙТІН ТҰЖЫРЫМ

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Қазақстан мұсыл­мандары діни бас­қар­ма­сының төр­ағасы, Бас мүфти

 

 

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. Ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға үндеген мақала оқырман қауымға парасатты ой тастады. Елбасының бойымыздағы рухани құндылықты түлетіп, жаңғырту жолындағы ойлары мен бастамалары санаға рух, жанға жігер береді.

Мақалада: «Біз жаң­ғыру жолында баба­лар­дан мирас болып, қаны­мызға сің­­ген, бүгін­де тамы­ры­мыз­да бүл­кіл­­деп жатқан ізгі қасиеттерді қай­та түле­туіміз керек», – делінген. 

Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.

Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақалада осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:

«...Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады...Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Бұл – тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру.

Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат.

Президентіміз: «...Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп атап өтті.

Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Алла Елшісінің тағы бір хадисінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Туған жерді қорғау, туған еліңе қызмет ету білім­нің көптігінен емес, елдік санаға, туған еліңе деген махаб­батқа байланысты екен. Алаш арысы Әли­хан Бө­кей­хан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінез­­­ден», деп бекер айтпаса керек. Осынау парасатты пікір Абайда да бар: «Атаның баласы болма, адамның бала­сы бол». Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «ел­дік сана» желісі. Елбасының мақаласында айтылған осы­нау асыл құндылықтар санамызда жаңғыртып, жан-дүниемізді тағы бір серпілтті. Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасы еліміздегі жомарт жандардың өзінің туған еліне шара­патын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлкен үлесін тигізуге ықпал етеді деген сенімдеміз.

Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжіри­бені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмай­тынын есте сақтағанымыз абзал. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп Елбасы кез келген қоғамдық, әлеуметтік үдеріске қазақы салт-санамен бейімделу қажеттілігін баса айтқан.

Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қа­лай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез келген халық шари­ғат­қа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап ба­рып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы беле­сі. Осын­дай рухани тұтастық жоқ жерде ұлттық дүние­таным­дық үзік пайда болады. Ұрпақ сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, жеке­шілдік емес, ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан ұлт­тық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор.

Дін – қоғамдық қатынас пен күллі адам жаратылысын біріктіруге, тұтастыруға жіберілген асыл илләһи құнды­лық. Адамзат баласы имандылықты өз табиғатын, әуелгі жа­ратылысын бұзбай, соған сай танып-біліп, сана-сезі­м­імен қабылдағанда ғана хақиқатқа жетеді. Әр­бір жанды-жансыз жаратылысты өз ерекшелігімен, қадір-қа­сиетімен жаратқан мейірімді Алла Тағала адам­зат ба­ласын да түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөл­ген. Жаратушы Иеміз бұл сырды «Рум» сүресінің 22-ая­тында: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түс­те­рің­нің алуан түрлі болуы да – Оның белгілерінен. Күмән­сіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар», – деп баяндаған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған мәселелер мен қолға алынатын бастамалар дін қызметкерлерінің де жұмыс бағытын тағы да бір нақтылап берді. Бұл жаңа заманның өткеліне табан тіреп тұрып, имандылық қалыптастырған бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті бастама деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы өз мақаласында жастарды тектілікке тәрбиелеудің жолдарын нұсқап, тұжырымды ой айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жариялап, осы мерзім ішінде салт-дәстүріміз бен асыл дініміз кеңінен насихатталды. 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тағылымға толы тарихымыз туралы бірнеше зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар жарық көрді, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Мақсатымыз – жамағатты тарихтан тәлім алуға үйрету. Бұл бағыттағы игі жұмыстар болашақта да жалғасын табады.

 

"Егемен Қазақстан"

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу