Нұржан Таласұлы: ӘМЕҢГЕРЛІК – ЖЕТІМ МЕН ЖЕСІРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ШЫҢЫ

Өмір – сынақ болғаннан кейін, тағдырдың жазуымен ата-анасынан айырылып, жетімдік көретін пенделер болатыны белгілі. Тіршіліктің бар саласын қамтып, атқаруға тиіс міндеттеріміз бен парыздарымызды жіліктеп берген, әрбір тірі жанның ақысының желінбеуін, әділдіктің салтанат құруын қадағалайтын атадініміз жетімдер жағдайына да жіті мән береді. Мәселен, Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәғұн» сүресінде: «Сондай дінді өтіріксінгенді көрдің бе? Міне, сол жетімді қақпайлайды, Міскінді тамақтандыруға қызықпайды» деп, жетімді ренжітудің дінді жоққа шығарумен бірдей екенін меңзесе, «Духа» сүресінде «Ендеше жетімді қорлама, сұраушыны зекіме!» деп анық бұйырады. Құдіретті де Мейірімді Иеміздің үкімдерін іске асырудың  көркем өнегесі болған ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Уа, Алла, мен екі әлсіздің: жетім мен әйелдің ақысына қысымшылық көрсетуге тыйым саламын» деп, бұл үкімді бекіте түседі. Тағы бір бір хадисінде «Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе?» деп, бізге бұл дүниелік игіліктердің ену есігін меңзейді. Ал жетім мен жесірге  қамқор болудың қаншалықты маңызды екенін «Мен Жәннәтта жетімді асырағанмен мынадай бірге боламын» деп, сұқ саусағы мен одан кейінгі саусағының арасын біріктіріп көрсету арқылы нақты сүйіншілеп кетті (Бухари жеткізген хадис).

Иә, біле білсек, жетім мәселесін атадінімізден артық көтерген ешбір идеология жоқ. (Әрине, хақ дін Исламды ешбір идеологиямен теңгеруге болмайды!..) Ғасырлар бойы жетімдерді болдырмау жолы, болған жағдайда оларға қамқорлық мәселесі Ислам ғұламаларының талқысынан түспеген. Енді осы нәзік мәселені (бүтін Ислам əлемін таңқалдыра отырып, шариғат шеңберінен шықпай!) біздің ата-бабамыз «əмеңгерлік» жолымен шешкен! Еске сала кетейік: Әмеңгерлік – күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген мәтелдер – осы дәстүрдің куәлігі іспетті.

Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының қатысуымен туыстар арасында мұқият талқыланып, ортақ ұйғарыммен шешілген. Байыптап қарасаңыз, бұл дәстүрдің тек әлеуметтік-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-адамгершілік мәні де зор. Өйткені: көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз, әсіресе жалғызбасты немесе жас баласы бар болса, жеке күнелтуі, мұраға қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын еді. Тегі бөлек, басқа біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытпасына ешкім кепіл бола алмайды. Оның үстіне, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы да мүмкін еді. Сондай-ақ, әйел кісі бөтен біреуге күйеуге шығатын болса, баланың әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуға құқылы болатын. Сондықтан, осы мәселелердің барлығын ескере отырып, ел ағалары «Жеті Жарғы» нормаларында ері қайтыс болған жесірдің «елден кетпеуін», күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің «әмеңгері» деп аталған. Әмеңгерлік бойынша жесір әйел жұбайы өлген соң бір жылдан соң күйеуінің туыстарының  біріне тұрмысқа шығуы тиіс болды. Алғашқы кезек о дүниелік болған ерінің аға-інілеріне берілді. Әрине, мұндай неке тек әйел кісінің разылығымен ғана қиылған.

Әмеңгерлік дәстүрі бойынша жесір әйелдің балалары жаңа әкесінің қамқорлығына өтіп, «жетім» деген аттан құтылды. Осылайша балалар да, жесір әйел де тұрмыстың тауқыметінен, пенделердің сыпсың сөзі мен түртпегінен құтылған. Бұл қалыптасқан жүйе қоғам ішінде жеңіл жүрісті әйелдердің болмауына, жалпы әйел баласының абыройы мен беделінің сақталуына да себеп болды. Оның үстіне әйелді жесір, баланы жетім қалдыру тұтас әулеттің, одан арысы рудың атына сөз келтіретін, сүйегіне таңба салатын  масқара іс болатын. Әмеңгерлік тәртібі бұл мәселені де шешті. Негізі, дәстүрлі қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен. Олай істеу өзінің туысының жетім қалған балаларына, яғни өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік ретінде бағаланған. Ал алда-жалда жесір әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығуға ерік берілген.

Кезінде «ескіліктің қалдығы, надандықтың көрінісі» деп айыпталған бұл дәстүрге қазіргі күннің биігінен қарасақ, адамгершілік пен иман талабы тұрғысынан қарасақ: «тамаша дәстүр!» демеске амал жоқ. Өзіңіз ойлап көріңіз: жетім қалған балаға өз әкесінің бауырынан артық кім қамқоршы бола алады? Тіпті, «жесір әйел өз теңін тауып, өзі ұнатқан адамымен қосылды деген күннің өзінде, әулетін айтпағанда, ол еркек еріп келген балаларға өз кіндігінен тараған ұрпағымен бірдей қарай ала ма?.. Ал әмеңгерлік жолмен бауырының баласына әке болған адам үшін ол балдырған – өз перзентімен бірдей. Өйткені өз қаны, өз бауырының көзі! Тағдыр қосқан жұбайын да, қанатының астына алған балапанын да ол басқа кез-келген еркек атаулыдан артық бағып-қағады! Өйткені: Құдайдан қорқады, үлкендерден именеді әрі бауырының әруағынан ұялады!.. Иә, бабаларымыз Ақыреттік сауабы мен осы дүниелік пайдасын осындай кемеңгерлікпен шешкен. Осыдан кейін бабаларымызды «діни, дүниəуи сауатсыз» деп көріңіз...

Тарих тағлымына қарасаңыз да, әмеңгерліктен немесе екінші әйелден дүниеге келген талай марқасқалар бары сөзсіз. Тізбектемей-ақ, Құнанбай атамыздың туған інісі Құтпамбет (Құлмұханбет) қайтыс болған соң, атастырылып қойылған, «қыздай жесір» қалған Ұлжан анамызды алып, отау көтергенін мысалға келтірсек болады. Бұл берекелі некеден Абайдай алып дүниеге келді!. Сол секілді Қаныш Сәтпаев та Имантайдың екінші әйелінен туған екен...

Бүгіндері жетімдер үйі ашылса, «заманға сай жақсы жасалыпты» өзімізше қуанып қалатын жағдайға жеттік. Негізі, бұл жылайтын жағдай ғой... Осыдан біраз жыл бұрын Алматыда жетімдер үйінің ашылуы «салтанатында» сөз сөйлеген бір ағамыз «Қуанып жатырмыз-ау, бірақ ата-бабамыз көрсе, қуалап жүріп қамшының астына алар еді» деген екен...

Иә, жетімге пана, жесірге қамқор болу, мұқтаждың қабағына қарап, мүгедектің қолтығынан демеу – ата дініміздің асыл құндылықтарынан. Мұны өте жақсы түсінген аталарымыз «Жетім жыласа, жер жылайды» деп, ұрпағын опат істен сақтандырып, «Жетім көрсең, жебей жүр» деп, ынталандырып кетіпті. Ынталандырып қана қоймай, шариғат шеңберінде, бұл мәселені шешудің сара жолын да салып беріпті! Біз, әрине, сол данышпан аталарымызды мақтан тұтамыз. Бірақ мақтан тұтумен іс біте ме? Біздің мешітке, мұқтаждықтарын айтып, жесір қалған әпке-қарындастарымыз үздіксіз келіп жатады. Кейде көмектесе алмай қалып, ішің қан жылайды... (Бұл жағдайдың барлық мешіттерге тән екені белгілі) Айтайын деп отырғанымыз: сол бабалар дәстүрін жаңғыртсақ; баяғы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақтың төл дәстүрін іске асырудың тетігін ел ақсақалдарымен келісе отырып, бір жолын тапсақ – ұтылмайтынымыз анық!..

 

Сөз соңында қасиетті Құранның «Кімде-кім артында қалатын ұсақ (жас) балаларына қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ (жас) балалары үшін де сондай қамықсын. (Жетімдер туралы) Алладан қорқып, турасын айтсын» («Ниса» сүресі, 9-аят.) деген үкімі мен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадистерін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» (Ахмад жеткізген),  «Жесір мен жетімге көмектесу Алла жолында жихад қылғанмен тең» (Бұхари мен Мүслим), «Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін еңбек еткендер Алла жолында жихад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты» (Ибн Мажәһ)...

Алла Тағала баршамызға аят үкімі мен Бабалар өсиетіне адал болуды, Пайғамбар өнегесіне сай ғұмыр кешуді нәсіп етсін!


Нұржан Таласұлы, 

 Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінің бас имамы

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу