ИЕСІН АЗА ТҰТҚАН АТ

Шамасы осыдан елу жыл бұрын Сағымбек әулеті Өзбекстаннан елге қарай бет алғанда алдымен Оңтүстіктің Қазығұрт ауданының тау жақ бөктеріндегі «Ит өлген сай» деген кең жазыққа қоныстанған. Сол ауылдардың айт пен тойы да өзінше сән-салтанатымен, қазақы сипатымен қызық болушы еді.

Қыс болса жексенбі сайын көкпар тартатыны тағы бар. 1955 жылы сол әулет «Монтайтас» кеңшарына қарасты «Еспесай», «Тоғансай» деген жерлерге жылжып қоныстанды. Ол ауыл бізбен бұрыннан ілік-шатысты ауыл. Сағымбектің үлкен ұлы Салыбек – менің жездем. Ол кісі атағы сол өңірге кеңінен белгілі, айтулы шабандоз еді. «Салыбектің Сарықасқасы» деген атын қалай мәпелеп, баптайтынын өз көзіммен көріп, таң-тамаша қалғаным бар.

Бір жолы қыдырып барғанымда бастырма астында, күншуақта қыс бойы байлаулы тұрған аттың асты құп-құрғақ екеніне көңіл аудардым. Жездемнің айтуына қарағанда, бұл ат зәр сындыратын болса міндетті түрде оқыранып немесе кісінеп белгі береді. Сол кезде жездем оны тысқа алып шығып келеді екен.

Сол Сарықасқаны иесі аттың жанын қинамайын деп додаға салмайды. Көкпарды шеттен аңдиды. Қара нөпір тартыстан көкпарды біреу алып шықса, Сарықасқа құлағын жымита қуып, иесін сол шабандозға ілезде жеткізеді. Содан кейін Сарықасқаға ат жетуі екіталай…

Мен білетін соңғы қырық жылдай мерзім ішінде Салекең 4-5 ғана ат мінді. Соңғы аты бурыл қара. Салекең осы Бурылды ерекше жақсы көріп, мәпелеп баптады. Өзі де келісті, сұлу, нағыз ер қанаты боларлық ат. Ауыл арасының көкпарында бұл Бурылды қуып жетіп көкпар алу немесе қашып құтылу деген ой шабандоздардың бірде бірінің ойына кіріп те шықпайды.

Өткен жылы Салекең жаз бойы ұзақ науқастанып, қысқа қарай қайтыс болды. Соның алдында екі-үш рет ауруханада ұзағырақ жатып қалады. Үйіне келген сайын ұлдарына өтініш жасап, міндетті түрде атын көретін. Алғашқы бір көргенінде атының жалынан сипап, мойынын шапаттап, құлағының түбін қасып, бауырынан қаққан екен. Сонда ат иесін сағынғанын бірден білдірген. Иесінің иығына басын сүйеп көзінен моншақ-моншақ жас сорғалатқан.

– Соңғы рет Бурыл ат бәрімізді бір жылатты, - дейді аттың иесімен қоштасар қарсаңындағы көріністі есіне түсірген ұлдарының бірі. – Көкем ауруханадан өте жүдеп оралды. Сол күні көкемнің өтініші бойынша үйдің алдына кереует құрып, төсек салып жатқыздық та, қорадан барып Бурыл атты жетектеп, қасына әкелдік. Ат көкемді иіскеп, бірден таныды. Кәдімгідей мұңайып, көзінен жасын сорғалатып, бірауық үнсіз тұрды. Содан соң ақсақалдың үстіндегі көрпесін тістеп бір шетке лақтырып жіберуге әрекет жасады. Басына жастаған жастықты да тістелеп, бір шетке тастағысы келді. Шалды иіскеп, күрсініп жылап тұрды.

Көп ұзамай қарт қайтыс болғанда Бурыл ат бір апта бойы не жем жемей, не су ішпей, үнсіз тұрып иесін аза тұтқан. Орнынан тырп етпей жылап, оқтын-оқтын терең күрсініп, көп ұзамай өліпті.

Бердуәлі  Тұрмағанбетов

«Иман» журналы, №2, 2017 жыл.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу