ЖАМАҒАТ ИМАМЫН ҚАЙТСЕ ҚҰРМЕТТЕМЕК?

Имам. Осы бір қастерлі ұғым жайында біз не білеміз? Әрбір қазақ «имам деген кім?» деп сұрасаңыз мешіт қызметкерін, елді мұсылмандыққа шақырушы немесе құран оқушы тұлға деп жауап беретіні ақиқат.

Әрине, имам – бірінші кезекте дін қызметкері, халықты жақсылыққа үндеуші. Араб тілінен аударғанда көшбасшы, көсем мағынасын береді.

Дегенмен, біз имамның қызметіне қаншалықты мән беріп жүрміз? Имамның құран оқу, намаз өткізу немесе астарға барудан бөлек нендей қызметі бар?

Осы турасында қарапайым халыққа түсінік беріп, имам  қызметіне жүктелер жүктің бүгінгідей кезеңде  өте жоғары екендігін жеткізгіміз келеді.

Әрине, имамға қарап, имамның тұлғасына қарап Ислам дініне баға беретіндер көп екені айқын.  Бүгінгі таңда мешіт жамағаты имамды құрмет тұтып, сыйластықпен қарайды. Имамның кейбір жұмыстары, бірлескен, ынтымағы зор жамағаттың арқасында да бітіп жататынын көріп жүрміз.

Имам – ең бірінші дінге шақырушы. Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) қандай дәрежедегі имам болғанын барша мұсылман біледі. Өз қарамағындағы жамағаттың адал ас жеуін, құлшылығының мығым болуын, әділетсіздік жасамауын қадағалап, мейіріммен қарай біліп, зор сенімге ие болды. Соған сай жамағат та өз имамын барынша қорғаштап, оған зиян келтіргісі келгендерге қарсы тұрып, айтқан өсиеттерін жерге тастамады.

Демек, имам ең алдымен тақуа, әділ әрі жанашыр бола білсе, жамағатының құрметіне бөленбек. Жалпы, жамағат пен имамның арасында сенім, құрмет болған жерде діннің өркендейтіні ақиқат.

Бүгінгідей заманда түрлі мінезді, түрлі ойлы жамағатты біріктіріп, бір арнаға тоғыстыру имам үшін оңай қызмет емес. Олардың әрбірінің пікірімен санасып, бейтіт түрде, мейірімділікпен мәселесін әділ шешу имамға байланысты.

Сол себепті де имамдық – жауапкершілігі зор қызмет.

Имам Мәлік бір хадисінде: «Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан құрметке, табысқа және пәктікке ие бола тұрып, қиналған мәселелерінде жолдастарымен ақылдасып, пікірін алмайынша еш нәрсе айтпайтын еді. Жүректерімізге осыншама күнә мен қателік сіңген біздер қалай ғана оп-оңай пәтуа бере аламыз?», деген екен. 

Бұдан нені аңғарамыз? Имамның қандай да бір мәселені шешпес бұрын алдымен ілім – білімге, оқығанына, үйренгеніне, ұстаздарының ақылына жүгінетіні белгілі. Демек, имам – білімді әрі жауапкершілікті сезіне біліп қызмет етуі тиіс. Біздің қазақстандық имамдар бұл сенім үдесінен шығып жүр деуге болады.

Себебі, қоғамда орын алған қандай бір келеңсіз жайттар немесе саяси оқиғалар, я халықты алаңдатқан жағдайлар орын алса, елдің жүгін көтеріп, қол ұшын созып, халықты сабырға шақырып, бір шешімін айтып жүргенін біз естіп те көріп те жүрміз. Ел көкейіндегі сұрақтарға адасушылыққа ұрынбау мақсатында дер кезінде мән беріп, турасын айтуда да жедел қызметтерін ұсына білуде.

Имамдық қызмет әрине, құлшылыққа шақырумен, дінді уағыздаумен, Құран оқумен ғана шектелмейтініне біраз мысалдар келтіруге болады.

Мысалы, қаншама қайырымдылық шаралары, мекеме, кәсіпорын, оқу орындарындағы насихат жұмыстары, келіссөздер, сауат ашу жұмыстары, ата-анамен жұмыс, астарында тәрбиесі зор мәдени шаралар, жат ағымдармен күресті үйлестіру жұмыстары үлкен күшпен, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Одан бөлек, мешіт қызметін жүргізу, жаңа мамандар даярлау, жамағат бірлігін сақтау, діни рәсімдерді өткізу өз алдына маңызы зор еңбек.

Осындай игілікті шаралардың басы қасында болып, ел тыныштығын сақтауда өз үлесін қосар имамдардың жамағат алдындағы абырой, беделі де өзгеше болмақ.

Бұдан түсінетініміз имам – діннің көрінісі деп білемін.

Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Және олардың да сауабынан еш кемімейді!», – деп айтқан. Осы хадистен – ақ имамдық қызметтің жүгін аңғаруға тұрарлық.

Имамның бес уақыт намаз өткізуі, насихатқа шақыруы ең алдымен жамағат алдында өтеді. Жамағат – ол халық, мұсылман бауырлар. Бұл екеуінің қатынасы жақсы болса, халық арасында да түсіністік пен сенім болары сөзсіз. Жамағат қатары көбейсе, имам еңбегінің нәтижесі.

Олай болса, Ислам діні үшін тер төгіп, татулықты сақтауда, адамгершілікті үндеуде, мейірімге шақыруда, тақуалықтың үлгісін көрсетуде еңбек етуші имамдарға құрметіміз зор болсын.

Шөменова Айнұр Махамбетқызы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу