Алла дәрежесін көтерген адам және Хатико

Адам баласының ақыл нығметімен басқа жаратылыстан оқ бойы озық тұратынында дау жоқ. Себебі ол – он екі мүшесі де кемел жаратылған жаратылыс атаулының ең көркемі. Алла Тағала Құранда: «Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық[1]» дейді. Ал аяттың жалғасында: «Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық[2]» деп келеді. Яғни, адам қолдағы бар несібесінің Алла нәсіп еткен иләһи нығмет екендігін ұмытып, оны кейде болуы міндетті нәрсе деп қабылдап жатады. Жаратқан берген сыйға шүкіршілік етудің орнына ақылын арам пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланады. Бүгінде бір-біріне санасыз жыртқыштан да қауіпті бола түскен адам өзгеге мейірімсіз әрі аяушылық сезімнен ада болып барады. Жыртқыш аңдарша көзі қанталап бірін-бірі жұлып жеуге дайын. Осындай ынсапсыздығы мен әділетсіздігінің себебінен ғана адам ақыл иесіне тиесілі асқақ дәрежеден ажырап, «төмендей түсті».

 Тіпті жәндік екеш жәндіктің өзі адамнан әлдеқайда мейірімді. Һәм пайғамбар, һәм патша болған Сүлеймен пайғамбар қиссасындағы құмырсқаның жер қайыстырған қалың әскерді көрген кездегі әрекеті Құранда былай деп баяндалады: «Олар құмырсқалар алқабына келгендерінде, бір аналық құмырсқа: «Ей, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер. Сүлеймен және оның әскерлері сендерді байқамай таптап кетпесін!» - деді[3]».

Жерде жорғалап жүрген кішкентай жәндіктің үлкен жүрегін қараңыз! Оның мейірімге толы сөзінен сүйіспеншілік пен махаббат, тыныштыққа тілектестігі мен адалдығы сезіледі. Ол бес қаруы сай әскердің өзінен бір ізгілік күтуде. Кішкентай жүрекке осынау ұлы сүйіспеншіліктің сыйып кеткеніне, оны сыйдырған Жаратқанның шексіз құдіретіне қалай таңқалмассың?! Ал Құрандағы бұл жайлы қиссаны әрбір тиләуәт еткен сайын ғибрат алмақ адамның құмырсқа құрлы болмағаны ма сонда?!

Құрандағы құмырсқаның мысалында екі бірдей маңызды жайт қамтылып тұр: әрқашан жақсы ой, ниетте жүру және өзгеге кешірімді бола білу. Бұл – кішкентай жәндіктің жер бетіндегі барша адамзатқа үндеуі десе де болады. Алла Тағала қасиетті Құрани Кәрімде: «Ей, момындар! Дәлелсіз ойлардың көбінен аулақ болыңдар, өйткені жалаң ойлардың кейбірі – күнә...[4]» десе, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Ойға сақ болыңдар! Өйткені, кейбір ойлар – күнә...[5]», - деген болатын.

Зор күш-қайратқа ие адам әлемде дәрменсіз де қорғансыз қарттың, нәзік жаратылыс әйел менен сәбилердің бар екенін ұмытпауы тиіс. Бәлкім ол қолдағы билік пен күшін әлсіз жандарға көмек қолын созу, оларға мейірімділік ету мақсатында жұмсауы керек. Осылайша, өзіне берілген нығметтердің шүкіршілігін өтеген болмақ. Расында да, адамзат әр уақытта сүйіспеншілік пен мейірімділікке мұқтаж. Сондықтан ардақты пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Мейірімді жандарға Рахман Алла мейірімділік етеді. Жер бетіндегілерге мейірімді болыңыз, сіздерге көктегілер мейірімді болады[6]», - дейді.

Жер беті мейірімділікке зәру. Әсіресе, адамы азған заман зұлымдықтан тозып барады. Бүгінде тастанды баланың тағдырына, қорғансыз баланың көз жасына, тіпті өзгенің өлімі мен адамның қайғысына да әбден көз үйреткен біздердің жүрегімізге қаталдық пен қатігездік қасиеті сіңісіп бара жатқандай. Алайда, жыртқыш аңның өзі малдың төліне мейірбан келеді. Қорек керек болса ғана жемтігіне тіс батырады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «...мейірімді болмаған, мейірімділік көрмейді[7]», - деген.

Мына жайтқа қараңыз. Қажылық кезінде Қағбаны тауап етіп жүрген кісі санының көптігінен адамдар бір-бірін еріксіз ығыстырса керек. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) құлшылық етіп жүрген Омар бин Хаттабқа (р.ғ.) былай деп ескерту жасайды: «Сен қуатты кісісің. Бірақ, иық тірестіріп, әлсізге зияныңды тигізбе. Егер бос орын көрсең, қара тасты ұста, ал болмаса, қолыңды қара тасқа көтеріп, «лә иләһа илла Алла» мен «Аллаһу Акбарды» айт[8]», - деді». Қара тасты қолымен ұстап, сүю – әрбір мұсылманның арманы. Бірақ, қара тасты сүюден де сауапты амал бар, ол – жан баласына зияныңды тигізбеу. Демек, құлшылықтың өзінде мейірімділікке ерекше мән берілсе, бұл мұсылманның мінез тұрғысынан да мейірімді болуы керектігін айғақтай түседі.

Құрандағы құмырсқаның мысалына меңзейтін дәлелдер өмірде өте көп. Өңкей иттердің арасында өскен мысықтың, үй жануарларымен бірге өскен кенгуру немесе судағы өзге тіршілік иелерін тамақтандырған су дельфині жайлы  мейірімге толы оқиғаларды әлеуметтік желілерден жиі оқып қаламыз. Тіпті алапат өрт болған үйден өзі өртке оранса да, бес бірдей марғауын аман алып шыққан «батыр ана» жайлы жазба, оның желіге жарияланған суреті де жүрегімізді елжіреткені рас. Ал ақыл иесі адамның өзгені ұрып-соққаны, біреудің айыбын ашып, масқаралағаны, кіп-кішкентай баланы зорлап, тал шыбықтың тағдырын талқан еткені жайлы жаға ұстатар жайттардың, жағымсыз жаңалықтардың көптігі сонша, оған құлақ етіміз де үйреніп кеткен сыңайлы.  Рас, жүрегің айниды, жаның ауырады, бірақ мейірімі жоқ меңіреу әлемді өзгерту қолдан келер ме екен?!

Баршамызға тамаша телетуынды арқылы танылған Хатико есімді иттің мысалы да шынайы өмірден алынған оқиға. Күшік кезінен паналатып, қорған болған, ас берген иесіне деген иттің адалдығы, оған туған баласындай бауыр басып кетуі, иесі өлгеннен кейін де оны тоғыз жыл бойына темір жол бекетінде тапжылмай күтуі, оған деген кіршіксіз сағынышы суреттелген туынды көпшілігіміздің көзімізге жас үйірді, үлкен ой салды. Жапон елінде болған бұл таңғажайып оқиғаның бүгінгі дәлелі – адал достың құрметіне тұрғызылған тас мүсін.

Ақылы жоқ, бірақ аяушылық сезімге ие итекеш иттің ісі адамға үлгі боларлықтай. Ақиқатында, періштедей нұр иесінде нәпсі жоқ, ал айуанға ақыл бұйырмаған. Осынау екі нығметтің екеуіне де ие адамзаттың нәпсісін қажет кезінде ноқталап, ақылын көшбасшы етуі керек емес пе еді.

Кейде елеусіз де байқалмайтын құмырсқа сияқты түйірдей жаратылыстың өзі адамзаттың алпауыт қаруы мен күш-қайратынан басым түсетін мейірімді жүрек иесі болуы мүмкін. Адамзат даму шегіне жетті. Бірақ, мейірімділік жетіспейді. Әлем жаралы. Қайта-қайта соққылау салдарынан әлем жарасының жазылуына мұрша берілмеуде. Адамдар құмырсқадай мейірімді болса, бүгінде жетім бала мен жесір ана болмас па еді. Мейірімділік әлемді құтқарады, бір-бірімізге мейірімді болайық.

 

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының өкіл имамы

 

 



[1] «Тин» сүресі, 4-аят

[2] «Тин» сүресі, 5-аят

[3] «Нәміл» сүресі, 18-аят

[4] «Хужурат» сүресі, 12-аят

[5] Мүслім

[6] Тирмизи

[7] Бұхари, Мүслім

[8] Мүслім

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу