МЕШІТТЕ АТЫС БОЛЫП, МӘШИНЕ, АЯҚ КИІМ ҰРЛАНДЫ...

Дін тақырыбына журналистік жауапкершілік қажет


Мына тақырыптан кейін бірден: «Құдай сақтасын! Не боп кетті?!» – дерсіз... Өкінішке қарай, қасиетті сөзге қайшы тіркесті «тіркеп», оқырман назарын аударуға аңсары ауып тұратын кейбір тілшілеріміз бар.

Жуырда Өскемен қаласында «Адамгершілік құндылықтарды насихаттауда БАҚ-тың рөлі» атты І республикалық журналистер форумы өтті. Форумның негізгі баяндамашысы ретінде бірқатар мәселелер төңірегінде ой бөліскен едік.   

Расында, біз қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ақпарат құралы – өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Мейлі қалаңыз, мейлі қаламаңыз, бәрібір ақпаратты еріксіз түрде тұтынамыз немесе оны таратамыз. Әсіресе, әлеуметтік желілерде, интернет порталдарында қоғамдық деңгейде көтерілген мәселелер мемлекет тарапынан тиісті шешімдердің қабылдануына ықпал етуде. Оны көріп те, естіп те жүрміз.

Діни басқарманың лауазымды қызметкері ретінде бізді алаңдатып жүрген бірқатар жағдайды айтпай кетпеске тағы болмайды.

Біріншіден, дін дегеніміз нәзік мәселе емес пе? Оған байсалды көзқарас керек. Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір БАҚ өкілдері дін тақырыбын жазғанда «мешітте мәшине, аяқ киім ұрланды», «мешітте атыс болды» деген тақырыптардан аса алмауда. Зерттелмей, анығына көз жеткізбей таратылып жатқан осындай жаңалықтар қоғамда Исламға, дін қызметкеріне деген салқын көзқарастың пайда болуына түрткі болуда.

Ішкі істер басқармалары мен құзырлы мекемелерге қарасты баспасөз қызметінің жауапты мамандары журналистерге түсініктеме бергенде дін, мешіт тақырыбына байсалды ұстаным танытса деген өтінішіміз бар.

Екіншіден, дін мәселесін популизмге, рейтинг көтеру мақсатында пайдалануы – алаңдатарлық жағдай.        

Ағылшынның әйгілі драматургы Джордж Бернард Шоудың: «Бүгінгі газет велосипедтің құлап қалуы мен өркениеттің күйреп қалуы арасындағы айырмашылықты білмей қалды», – деген сөзінде жан бар.

Дін тақырыбына журналистік жауапкершілік қажет-ақ. Біреудің діни құндылықтарын қорлау немесе келемеж ету – заңға да, адамгершілікке де жат емес пе?

Елбасы 2006 жылы әлемдік дін көшбасшыларының құрылтайында көкейде жүрген мәселені көтеріп еді: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Өкінішке қарай, бұл қарапайым қағиданы журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Расында, осындай қарапайым қағиданы бұзып, өз дініміз туралы өзіміз жағымсыз пікір қалыптастырып жатқанымызды байқамай қаламыз. 

«Нью Йорк Сан» газетінің шығарушысы Чарльз Андерсон Дейнаның сөзінде жан бар: «Егер ит адамды тістеп алса – ол жаңалық емес, нағыз жаңалық – егер адам итті тістеп алса...». Біз бүгінде Андерсонның айтқанына «амал» етіп жүрген секілдіміз. Жалпы адами құндылықтарды насихаттаудан гөрі біреудің «сүрініп» қалғанын немесе «түшкіріп» қойғанын көбірек жазуға бейілміз.

Төртіншіден, дінді діннен хабары аз адамның жазуы – өзекті мәселе. Ислам адам баласын өзінің білмеген нәрсесіне араласпауға, білмегендер білетіндерден сұрап алуға тәрбиелейді. Дін туралы кез келген адам жазбасын деуден аулақпыз. Айтпағымыз – діни саланы меңгеріп немесе дін қызметкерлерімен сұхбаттасып, олардың пікірін басшылыққа алғаннан кейін тақырыпқа түйіндеме жасаса...

Сөз жауапкершілігі деген бар емес пе? Жақсы сөз – бақытқа бастар жол. Жаман сөз – жақсылықты өшіретін тілсіз жау. «Жақсы сөйле немесе үндеме», – деген пайғамбардан қалған сөз бар.

Бесінші, дінге қатысты алғашқы жалған ақпарат, теріс пікір, қашан да бұқараның назарында, санасында қалады. Сол мәселеге қатысты кейіннен айтылған 100 шынайы ақпарат 1 жалған жаңалықтың орнын баса алмай қалуы мүмкін. Алғашқы ақпарат адам санасын жаулап үлгіреді екен...

Өкінішке қарай, кейбір БАҚ өкілдері сот үкімінен бұрын біреуге «үкім» беріп, «жазасы» туралы жазып қояды...

 

Не істеу керек?

 

Біріншіден, діни салада қалам тартып жүрген тілшілер мен әлеуметтік желідегі жазушы қауымның «Адамгершілік әдебі мен кәсіби этикасы» туралы құжат қабылданса деген ұсынысымыз бар. Бұл құжаттағы талап-тілектер жұмыс барысында ескерілсе.

Екіншіден, Жоғары оқу орындарында журналистка факультетінде арнайы дәрістер жүргізілсе. Болашақ журналистерге дін тақырыбында мақала жазудың әдіс-тәсілдері жан-жақты түсіндірілсе... Бұл бастамаға өз тарапымыздан үлес қоса аламыз.   

Үшіншіден, еліміздегі сайттар мен газеттер дін мәселесінде Діни басқарманың ресми ұстанымын қоса жарияласа. Бұл қоғамда түсінбеушіліктің жолын кесер еді.

Төртіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының діни ағартушылық бағыттағы рөлін арттырсақ. Газет беттері мен сайттардан мейірімділік, қайырымдылық, ізгілікті насихаттайтын материалдарға көбірек орын берілсе деген тілегіміз бар.

Өткен ғасырдың басында жарыққа шыққан «Қазақ», «Айқап», т.б. газет-журналдар халықты ағарту ісіне үлкен үлес қосты. Басылымның басты мақсаты да осы болса керек...

Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі – газета», – деген екен.

Біздікі – қалам ұстаған қауым қоғамға ізгілікті, қайырымдылықты, адамгершілік құндылықты көбірек насихаттаса деген тілек қана...

Әйтпесе, «мешіттен аяқ киім ұрланды» деген ақпарат немесе мешітке ешқандай қатысы жоқ жаңалыққа «мешіт маңайында атыс болды» (суретті қараңыз) деп ат қойып, айдар тағу кімге не береді дейсіз? Тек үрейден басқа...  

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу